
Бүгін Құмтүйін елді мекенінде «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты ұранмен игі іс-шара өтті. Сауран ауданының 1988 жылы туған азаматтары бірігіп, бір отбасыға тұрғын үй салып берді. Қайырымды азаматтардың бұл бастамасы көпке үлгі боларлық іс ретінде жоғары бағаланды.
Тұрғын үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Тоймаханұлы Сүлейменов арнайы қатысып, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров: «Қазақ халқы “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді. Бүгінгі игі іс – соның айқын дәлелі. Бірлік пен жанашырлық – елдігіміздің негізгі тірегі. Сіздердей жүрегі кең, жомарт азаматтардың арқасында ауданымызда осындай сауапты істер жалғасып келеді. Бұл тек бір отбасыға берілген баспана емес, қоғамдағы ізгіліктің көрінісі», – деп атап өтті.
Баспананың толық салынып, жабдықталуына белсенді атсалысқан азаматтарға аудан басшысы арнайы Алғыс хаттар табыстады. Айта кетейік, бұл бастама 2024 жылы бастау алған болатын. Сол жылы алғашқы баспана берілсе, биыл – тағы бір отбасы қоныс тойын тойлап отыр. Жобаны жүзеге асырып жүрген азаматтар бұл қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Жүректен шыққан жақсылық – елге үлгі, ұрпаққа өнеге!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.