
Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде өндірістік аймақ құрылысын салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 10 гектарды құрайтын бұл аймақ өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бүгінгі таңда бұл өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын бастап кеткен. Жоспар бойынша, аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бағыттар қамтылады. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынылатын болады.
Өндірістік аймақтың іске қосылуы өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ.
Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су, электр жүйесімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Атап өту керек, Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді.
Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.
Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді.
Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ұдайы түрде арнайы өндірістік аймақтарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесіп тұрады. Кездесу барысында оларға барлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдегені де — есімізде. Бұл қолдау кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге өз бизнестерін кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын айтады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Расын айту керек, өндірістік аймақтар құру жобасы тек қана кәсіпкерлер үшін емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де маңызды. Кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі, жаңа өндіріс орындары жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, жұмыс күшінің артуына әкеледі, еңбек нарығында бәсекелестік арта түседі. Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, индустриалды аймақтар кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауданның көркеюі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады.
Қарашық ауылдық округі әкімінің орынбасары Сержан Жасибаевтың сөзіне сенсек, Қарашық ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң қарқын алғанын аңғару қиын емес. Барлық салықтық түсімдер 75,4 миллион теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы саласында 3 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, 400 миллион теңгеге инвестиция тартылып, шаруаларға 150 тонна арзандатылған дизель отыны үлестірілді. Мал шаруашылығы бойынша ірі қара саны 5 295 басқа жеткен. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылған 23 отбасыға қолдау көрсетілді. Қарашық елді мекенінде құны 2,86 миллиард теңге болатын өндірістік алаң құрылысы жүргізілуде, 175 орындық балабақша салынып, бірқатар көшелерге тас төселді.
Жалпы, Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды.
Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 гектар, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 гектар, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 гектар, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 гектар және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 гектар. Бұл аймақтарда құны 129 миллиард теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 миллиард теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.
Қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл бастама 6 040 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, (11 ғимарат), жұмысын бастап кетті. 790 жұмыс орны ашылды.
Биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Нәтижесінде 26 жоба іске қосылады. Жалпы І кезең қорытындысымен 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Яғни, 136,8 миллиард теңгеге 37 жоба жүзеге асырылады. Қытайдың ірі компаниясымен келіссөз жүргізіліп, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасалды. Жобаның құны – 5 миллион АҚШ доллары. Қуаттылығы – айына 600 дана.
Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 миллион евро болса, толық іске қосылғанда қуаттылығы жылына 140 мың дана болады деп жоспарланған.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені ендіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Ол жерге кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр.
Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.