
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдың даму мәселелері мен алдағы жоспарларын талқылады.
Кездесуде Қарашық ауылдық округі әкімінің орынбасары Сержан Жасибаев 2025 жылдың бес айлық қорытынды есебін жариялап, өткен кезеңде атқарылған жұмыстар мен алда жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады. Жиынға ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары қатысты.
Есептік баяндамада Сержан Жасибаев Қарашық ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң қарқын алғанын мәлімдеді. Барлық салықтық түсімдер 75,4 миллион теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы саласында 3 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, 400 миллион теңгеге инвестиция тартылып, шаруаларға 150 тонна арзандатылған дизель отыны үлестірілді. Мал шаруашылығы бойынша ірі қара саны 5 295 басқа жеткен. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылған 23 отбасыға қолдау көрсетілді.
Қарашық елді мекенінде құны 2,86 миллиард теңге болатын өндірістік алаң құрылысы жүргізілуде. Жалпы көлемі 10 гектарды құрайтын бұл аймақ өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады.
Бүгінгі таңда бұл өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын бастап кеткен. Жоспар бойынша, аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бағыттар қамтылады. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынылатын болады.
Өндірістік аймақтың іске қосылуы өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ.
Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су, электр жүйесімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Атап өту керек, Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді.
Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.
Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді.
Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ұдайы түрде арнайы өндірістік аймақтарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесіп тұрады. Кездесу барысында оларға барлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдегені де — есімізде. Бұл қолдау кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге өз бизнестерін кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын айтады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Расын айту керек, өндірістік аймақтар құру жобасы тек қана кәсіпкерлер үшін емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де маңызды. Кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі, жаңа өндіріс орындары жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, жұмыс күшінің артуына әкеледі, еңбек нарығында бәсекелестік арта түседі. Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, индустриалды аймақтар кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауданның көркеюі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады.
Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.
Айтпақшы, аталмыш ауылдық округте 175 орындық балабақша салынып, бірқатар көшелерге тас төселді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жарықтандыру, ауыз су жүйесін жаңарту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, жастарды қолдау, мал жайылымдарын кеңейту және жол сапасын жақсарту сияқты маңызды мәселелерді көтерді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындар сұрақтарына нақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің әрқайсысы кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Ол ауылдың әлеуеті жоғары екенін айтып, мемлекеттік қолдаулар мен жеке инвестиция есебінен елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы жалғасатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.