Түркістан облысы: Сауран ауданындағы ауылдық округ әкімдерімен әдеп мәселелері талқыланды

Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Бекзат Абубакиров ауылдық округ әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізді.

Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтау, тұрғындармен өзара қарым-қатынас мәдениеті және қызметтік міндеттерді атқарудағы жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.

Бекзат Абубакиров өз сөзінде мемлекеттік қызметші беделі бірінші кезекте жеке тәртіп пен кәсіби этикаға байланысты екенін атап өтті. Ол ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізу кезінде жоғары жауапкершілік танытуы тиіс екенін, әрбір шағым мен өтінішке сергек қарап, заң аясында әрекет етуі маңызды екенін жеткізді.

Жиын барысында сондай-ақ ішкі тәртіпті сақтау, жұмыс орнындағы моральдық-психологиялық ахуал, ұжымішілік қарым-қатынас мәселелері де қозғалды. Аппарат басшысы ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен халық алдындағы есептілік қағидаларын ұстануды тапсырды.

Айтпақшы, бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік қызметкерлер арасында семинар-кеңес өткізді. Кездесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне арналды.

Кездесу Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өтті. Семинар-кеңеске Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері және Халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері қатысты. Онда мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыру, ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз ету тақырыптары талқыланды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмауға арналған нақты шаралар ұсынылды. Қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілерге бірқатар ұсыныстар беріліп, олардың алдағы жұмыстарында басшылыққа алу қажеттігі айтылды. Бұл басқосу мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі ретінде бағаланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You