
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған кестеге сәйкес Иассы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Сыздық Пирметов алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша айтсақ, ауылдық округтің жылдық бюджеті толық көлемде игеріліп, салық түсімдері 25,3 миллион теңгеге жетті. 138 адам жұмыспен қамтылып, 106 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. 1329 гектар егістік жер толық игеріліп, 13 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы кооперациясына және кәсіпкерлікке бағытталған жобалар шеңберінде 149,7 миллион теңге инвестиция тартылып, жылыжай, мал бордақылау алаңдары мен өндірістік нысандардың құрылысы басталды.
Жалпы, инвестиция демекші, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 миллиард теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Иә, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл сала – аудан экономикасының негізі, тұрғындардың тұрақты табысы мен өмір сапасының кепілі. Өткен жылы жалпы егістік көлемінің 43,6 мың гектары игерілді. Ірі жобалар аясында сүт фермасы, бордақылау кешені, жылыжай кешені және басқа да өндірістік нысандар салынбақ. Бұл жобалар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін арттыру мақсатында ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар салалар бойынша:
• Ауыл шаруашылығы – 68 жоба (785 жұмыс орны);
• Өнеркәсіп – 85 жоба (2 427 жұмыс орны);
• Туризм – 14 жоба (250 жұмыс орны);
• Құрылыс – 87 жоба (700 жұмыс орны).
Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 миллиард теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы, Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 миллиард теңге инвестиция тартылады.
Иассы ауылдық округінде ауыз су жүйесін жетілдіру мен көгалдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су сапасы мен қысымының төмендігі, тұрғын үй салуға жер телімдерінің жетіспеушілігі, жол бойына бақылау камераларын орнату, мобильді байланыс антеннасын орнату, электр қуатының әлсіздігі және трансформатор қажеттілігі, сондай-ақ ішкі жолдардың жағдайы секілді мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кездесуде тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдай келе: «Әрбір көтерілген мәселе – ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды сұрақтар. Біз бұл ұсыныстарды назарға алып, нақты шешу жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.