Түркістан облысы: Сауран ауданындағы Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде ауыз су сапасы жақсартылды

2025 жылдың І жартыжылдығына арналған есеп беру кездесуі аясында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті.

Жиын барысында ауылдық округ әкімі Дильшад Саитов округтің өткен жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Ол инфрақұрылымды жаңарту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ауыл шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындар ауылды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жер және инфрақұрылым мәселесі, ағын су тапшылығы және кәсіпкерлік саласы бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Сауран ауданының әкімі кездесуде сөз сөйлеп, тұрғындарды мұқият тыңдап, көтерілген әрбір сұраққа жеке-жеке тоқталды.

«Ауданымыздың әрбір елді мекені – біз үшін маңызды. Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз – жұмысты жүйелеуге жол көрсететін нақты бағыт. Бүгін көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар жүктеледі», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ, әкім ауылды кешенді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Бұдан бөлек атап өтерлігі, Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғындары ауыз судың сапасына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені шешу үшін жергілікті билікке жүгінген-ді. Тұрғындардың айтуынша, ауыз судың сапасы төмендеп, ішуге жарамсыз болған.

Аталған жағдайға байланысты аудан әкімі Мақсат Таңғатаров елді мекенге арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Қазіргі уақытта мұнда 120 үй орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Алайда су сапасына қатысты түскен шағымдардан кейін аудан әкімдігі шұғыл әрекетке көшті.

Мәселені шешу үшін су жүйесіне арнайы тазалағыш фильтр орнатылып, ауыз судың сапасын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазірдің өзінде сүзгіден өткен су тұтынуға жарамды күйде тұрғындарға беріліп жатыр.

Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ден аз 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылмақ.

Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына ұлттық қордан, республикалық және облымтық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Оның ішінде, 65 нысанды биыл, 64 нысанды келесі жылы аяқтау көзделуде.

Құрылыс-монтаж жұмыстарымен 32 нысан қамтылмақ. Нәтижесінде, 12 елді мекен ауыз сумен жеткізіледі. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданында – 2, Отырарда – 1, Төлебиде – 1, Келес – 4 және Созақ 4 елді мекен ауыз сумен қамтылады.

Одан бөлек, Бәйдібекте – 1, Арыста – 1, Сарыағашта – 1, Төлебиде – 3, Жетісайда – 2, Мақтааралда – 2, Түлкібаста – 1, Шардарада – 1, жалпы, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 3 мөлтек ауданда, Арыс қаласындағы 3 мөлтек ауданда су құбырын жүргізу және суаққы, резервуар салу жоспарланып отыр.

Ал, Сайрам ауданы, Жібек жолы елді мекеніндегі тозығы жеткен су жүйелеріне күрделі жұмыстар жүргізіліп, жаңартылатын болады. Сондай-ақ, 21 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, 36 елді мекенде тозығы жеткен су құбырлары, су мұнаралары, қолданыстағы су ұңғымалары ретке келтіріледі.

Жалпы, бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл мәселені жеке бақылауына алып, барлық қажетті инфрақұрылымдық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

Инфрақұрылым демекші, Сауран ауданындағы табиғи газбен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары «көгілдір отынды» тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек Сауран ауданында электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You