
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауылдың даму мәселелері мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында округ әкімі Берік Қуандық 2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Оның айтуынша, ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, салықтық түсімдер жоспары артығымен орындалып, мүлік салығы 102,7%, жер салығы 788,9%, көлік салығы 255,0% болып орындалды. Сонымен қатар, 247 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында 2 900 гектар жер игеріліп, 1,45 миллиард теңге инвестиция тартылды. 169 шаруа қожалығы 2 975 гектар жерге егін егіп, ауылда 101 жеке кәсіпкер, 34 нысан мен 169 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде.
Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, көлік жолдарын жақсарту, жол белгілерін орнату, жаңа әлеуметтік нысандар салу, балалар алаңдарын көбейту, жер телімдерін бөлу мәселесін шешу және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды.
Кәсіпкерлік демекші, өңірлік өнім көлемін арттыру мақсатында Сауран ауданының 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар салалар бойынша:
• Ауыл шаруашылығы – 68 жоба (785 жұмыс орны);
• Өнеркәсіп – 85 жоба (2 427 жұмыс орны);
• Туризм – 14 жоба (250 жұмыс орны);
• Құрылыс – 87 жоба (700 жұмыс орны).
Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 миллиард теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтіп, тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Ол көтерілген барлық ұсыныстар ескерілетінін және оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Бостандық елді мекенін электрмен қамту жобасы басталды
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде электрмен жабдықтау құрылысының басталуымен танысты.
Аталған нысан Бостандық елді мекенін сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Құрылыс жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырып жатыр. Техникалық қадағалаушы — «AveNiu» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы ретінде «Оңбестпроект» ЖШС белгіленген.
Жоба толық аяқталғаннан кейін елді мекен тұрғындары үшін тұрақты және сапалы электр энергиясына қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Аудан әкімі құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемеге сапа мен мерзімділік бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Орайы келгенде атап өтейік, Сауран ауданы бойынша электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.