Түркістан облысы: Сауран ауданындағы Шорнақ пен Қосмезгіл елді мекендерінде ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр

Сауран ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу үшін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде болып, су құбыры құрылысын көзбен көріп, тексеру жүргізді.

Әкім жұмыс барысында мердігер мекеме өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Шорнақ елді мекенінде сумен жабдықтау құрылысы жүзеге асуда. Жоба аясында ұзындығы 50,34 шақырым болатын су құбыры желісі тартылып, 590 абонент таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қосмезгіл елдімекенінде де жалпы ұзындығы 117,8 шақырым су құбыры тартылып, 1488 абонентке таза ауыз су жеткізілмек.

Нысандарды аралау барысында аудан әкімі мердігер ұйымдардың жұмысына ерекше назар аударып, құрылыс сапасы мен мерзімдік талаптардың қатаң сақталуын ескертті. Жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, атқарушы билік пен құрылыс ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға баса мән берді.

— «Елдімекендердің ауыз сумен толық әрі тұрақты қамтылуы – біздің басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылып отыр. Ендігі міндет – жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік», — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Су құбырын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, өзге де елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша ауқымды жоспарлар іске асырылмақ. Аудан басшылығы бұл бағыттағы бақылауды тұрақты түрде жүргізіп, барлық тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобаларды одан әрі жетілдіруге ниетті.

Атап өтерлігі, Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылым, сапалы электр, ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Аталған салалардағы көрсеткіштер мен жоспарлар биыл ақпан айында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланған-ды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Біздің алдымызда Түркістан облысын ауыз сумен толық қамту міндеті тұр. Осы бағыттағы жұмыстарды сапалы қорытындылау керек. Су көздерін зерттеп, тиімді жолдарын ұсыныңыздар. Экономикалық тиімділігі ескерілгені жөн. Екіншіден, өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру үшін электр қуаты қажет. Осы салаға жауапты компаниялар да жұмысты ширатып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмектесуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков Сарыағаш және Келес аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі туралы баяндады. Сарыағаш ауданында жалпы 63 елді мекен (221,4 мың тұрғын) бар, оның ішінде 52 елді мекен (205,1 мың тұрғын, 82,5%) ауыз сумен қамтылған. Ал Келесте 83 елді мекен (134,1 мың тұрғын) бар, оның ішінде 66 елді мекен (121,5 мың тұрғын, 79,5%) ауыз сумен қамтылған. Екі ауданда қалған елді мекендерді ауыз сумен толық қамту жолдары қаралып жатыр. Ұсыныстар беріліп, мәселе бақылауға алынды. Зерделеу жүргізіледі. 

Жиында электр қуатына берілетін техникалық шарттар туралы «Кегок» өкілдері баяндаса, «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы басшылығының да есебі тыңдалды. Сонымен бірге Сарыағаш, Сайрам аудандарының ауыз су жүйелерін автоматтандыру пилоттық жобасы талқыланды. 
Айта кетейік, Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысымен 807 елді мекеннің 767 елді мекені (7 қала, 760 ауылдық елді мекен) немесе 95,0 % ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2025 жылы бюджет есебінен 47 ауыз су нысанының құрылысы іске асырылуда. Электрмен қамту бойынша 41 нысанның құрылысы іске асырылуда. Жыл қорытындысына орай 18 елді мекендегі 22,3 мың халықты сапалы электр энергиямен қамту жоспарланған.

Иә, осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы еліміздің барлық аймағын ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырма берген. Үкімет бұл тапсырма бойынша жұмыс кезең-кезеңімен орындалып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен экологтар елімізде ауыз су мәселесі әлі де шешілмей жатқанын айтып отыр. Ел аумақтары осы уақытта толықтай ауыз сумен қамтылды ма? Су мәселесі қаншалықты деңгейде шешіліп жатыр?

Президент берген тапсырмаға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты. Министрліктің мәліметінше, былтыр суға байланысты 324 жобаны іске асыруға 218 миллиард теңге қаражат бөлінген. 

Оның ішінде қалаларда 117 жобаға 106 миллиард теңге, ауылдарда 207 жобаға 112 миллиард теңге бағытталған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 99,5%-ға, ауылдарда 97,8%-ға жетіпті. 

Сонымен қатар 89 қаланың 65-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Екібастұз және Шардара қалаларында сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100% жеткізіген. 

Ведомство республика бойынша 6 256 ауылдық елді мекеннің 5 130-ы сапалы ауыз суға қол жеткізгенін жеткізді.

10 айдың ішінде республикалық бюджет есебінен 40 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүргізілді, 173 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. 49 ауылда тозған желілерді реконструкциялау жүзеге асырылды. 

2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You