Түркістан облысы: Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округінде биыл жалпы құны 4,28 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба қолға алынды

2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық мәселелер және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Кездесу аясында Жүйнек ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрлан Әмзеев 2025 жылдың бес айындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың даму қарқыны мен жоспарлы жобалар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, есептік кезеңде ауылдық округте бірқатар оң өзгерістер мен маңызды жобалар жүзеге асырыла бастаған.

Жүйнек ауылдық округінде биыл жалпы құны 4,28 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл жобалар негізінен ауылды көркейту, инфрақұрылымды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Нәтижесінде, 267 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауылішілік 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында 200 орындық балабақша, заманауи спорт кешені, газ және электр жарығы желілері салынуда.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде: «Жүйнек ауылдық округі – ауданымыздағы әлеуетті аумақтардың бірі. Инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар ауыл өмірін жақсартуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деп атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You