
Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Сауан қаласының ресми делегациясымен кездесу өтті. Басқосудың мақсаты – екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттағы әріптестікті нығайту, жаңа бастамаларды талқылау және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту болды.
Кездесудің негізгі бөлігінде сөз алған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз тарапынан ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, екі өңір арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді. Сауран ауданының инвестициялық, туристік және кәсіпкерлік әлеуеті жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы Сұлтанғали Шакиров ақпарат берді. Ол өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін, бизнес жүргізу жағдайларын және туризм саласындағы жаңа бағыттарды таныстырды.
Қытай Халық Республикасының Сауан қаласының әкімі Ербол Төлегенұлы сөз сөйледі. Делегация басшысы екі өңір арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығын білдірді.
Ресми басқосуда ауыл шаруашылығы мен туризм, өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік жобалар бойынша өзара ұсыныстар талқыланды. Тараптар алдағы бірлескен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақтылап, әлеуетті жобаларды пысықтады. Жиын соңында қатысушылар екіжақты әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуіне сенім білдіріп, ресми сапарға ризашылықтарын жеткізді.
Сапар барысында делегация мүшелері Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк нысандарын аралап, өңірдің индустриялық әлеуетімен танысты. Қонақтарға ауданның жетекші кәсіпорындарының жұмысы көрсетілді.
Делегация жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтарын көрді. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен әріптестік аясында «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Бұл жоғары технологиялық жабдық ауыл шаруашылығын заманауи әрі үнемді тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.
Шара жалғасы ретінде Сауанның делегация мүшелері «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндіріс алаңында болды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірумен айналысады және соңғы үш жылда 50-ге жуық мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес стандартталған жиһаз үлгілерін шығарып, оларды республикадағы оқу мекемелеріне жеткізіп отыр. Сонымен қатар мекеме «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асырады.
Сауан делегациясының өкілдері көрсетілген кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк шетелдік қонақтарға Сауран ауданының экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Тағы бір атап өтерлігі, бүгінде Сауран ауданында мал шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи бордақылау алаңдарын салу және инвестициялық жобалар іске асырылуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ниетті ресми инвесторлармен кездесіп, Ескі Иқан ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан 15 мың бас ірі қараға арналған 30 мал бордақылау кластерінің алаңы таныстырылды. Бұл кешен аудандағы мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алдағы уақытта аталған аумақта 10 мың бас ірі қараға арналған 20 қора салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауданның өндірістік қуатын арттырып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 2026-2027 жылдар аралығында 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның басты ерекшелігі — инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру арқылы тиімділікті арттырып, өндіріс шығындарын азайту және сапаны жоғарылату.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
