
Сауран аудандық мәслихатының кезектен тыс 32-сессиясы өтті. Сессия аудан әкімінің аппараты ғимаратының мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Сессия жұмысына Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық мәслихаттың депутаттары мен ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі — Сауран ауданы бойынша ұялы байланыс және интернет желісін жақсарту шаралары туралы. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің аппаратына қарасты ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Асқар Дайрабаев баяндама жасады. Ол аудандағы интернет және ұялы байланыс сапасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы жан-жақты ақпарат берді. Депутаттар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар берілді.
Орайы келгенде еске салайық, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінде Түркістан облысы аумағында 829 елді мекен бар болса, оның 822-сі ауыл, жетеуі қала статусына ие. 2 053 379 тұрғыны бар 690 ауылдық елді мекен 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал, 93 855 тұрғыны бар 139 ауылда интернет жоқ. Түркістан облысының мобильді интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2 пайызды, ал, ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83 пайызды құрайды. Интернет тартылмаған 139 елді мекеннің жүзінде 2G байланысы бар болса, қалған 39-ында мүлде байланыс жоқ. Осы ретте 139 ауылдық елді мекеннің 81-інде ғана тұрғындар саны 250-ден көп екендігін айта кету керек. Осыған орай жол картасы аясында 2024-2025 жылдары халық саны 250-ден жоғары 50 елді мекенді интернет желісімен қамту жоспарланған. Қалған 89 елді мекенде техникалық мүмкіндіктің болмауы, антенна мачталық құрылыс жайларын орнатуға бюджеттен қаржы қаралмауы, халықтың аз қоныстануы, таулы не шалғай аумақтарда орналасуы, коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты операторлар базалық станса орнатудан бас тартып келеді.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап өтсек, біріншісі – 2024-2027 жылдар аралығында ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту. Бүгінге дейін 407 ауылдық елді мекендегі 1800 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Ендігі кезекте Үкімет қаулысына сәйкес 383 елді мекендегі 583 мекеме талшықты-оптикалық интернетпен қамтылатын болады. Жоспарға сәйкес, биыл – 125, 2026 жылы – 95, 2027 жылы 18 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Екіншісі – республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G мобильді кеңжолақты байланыспен қамтамасыз ету. Мұны іске асыру мерзімі – 2024-2027 жылдар аралығы. Бұл тұрғыда Түркістан облысына тиесілі 4737 шақырым жолдың көлік нөпірі көп болатын 650 шақырымын (Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шымкент, Тараз – Қызылорда, Кентау – Түркістан – Арыстан баб – Төрткөл бағыттары) мобильді интернетпен қамтамасыз ету қажет. Үшінші іс-шара – «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу. Мұның іске асырылу мерзімі 2023-2024 жылдар. Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты тұрғындар саны 250-ден аз, халық аз шоғырланған 9 елді мекенде спутникті интернет желісі арқылы жалпы қолданыс нүктесі орнатылды. Олар Сайрам ауданындағы Береке, Қазығұрт ауданындағы Ызабұлақ, Бәйдібек ауданындағы Шұқыршақ, Сары ағаш ауданындағы 49 разъезд, Келес ауданындағы Құрөзек, Мәдениет, Тартоғай, Арыс қаласындағы 42 разъезд және Жосалы ауылдары. Төртіншісі – 5G желісін енгізу. Осыған дейін Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 9 сыртқы 5G базалық стансасы орнатылды. Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, «Керуен сарай» кешені, Түркістан қаласының әуежайы және «Rixos» қонақүйі сияқты маңызды туристік нысандарда бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылды. Алдағы уақытта Кентау, Сары ағаш, Арыс қалаларына 5G мобильді интернетін тарту жоспарда бар.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Жол картасы шеңберінде облыс аумағындағы 96 ауылдық елді мекеннің әкімдігі антенна-мачталық құрылыс жайлары және электр желілерімен қамтамасыз еткен жағдайда, байланыс операторлары тарапынан жаңа базалық станса орнату жоспарланған. Бұдан бөлек 113 ауылдық елді мекенде жаңа байланыс бекеті орнатылып, 70 елді мекенде стансаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістан облысында 353 482 үй шаруашылығы бар. Қазір оның 60 134-і, яғни 17 пайызы сапалы талшықты интернетпен қамтылған.
Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе — 2025-2027 жылдарға арналған ауылдық округтердің бюджетіне өзгерістер енгізу туралы.
Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Сұлтанғалиұлы Мырзахметов баяндама жасады. Ол ауылдық округтер бюджетінің кейбір баптарына нақтылау енгізу қажеттігін атап өтіп, жобаны депутаттардың талқысына ұсынды.
Сессия барысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданды. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді бірауыздан мақұлдап, тиісті шешімдер қабылдады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.