
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 миллиард теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС өз жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң, тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-нің құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ», — деді аудан басшысы.
Иә, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл сала – аудан экономикасының негізі, тұрғындардың тұрақты табысы мен өмір сапасының кепілі. Өткен жылы жалпы егістік көлемінің 43,6 мың гектары игерілді. Ірі жобалар аясында сүт фермасы, бордақылау кешені, жылыжай кешені және басқа да өндірістік нысандар салынбақ. Бұл жобалар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін арттыру мақсатында ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жобалар салалар бойынша:
• Ауыл шаруашылығы – 68 жоба (785 жұмыс орны);
• Өнеркәсіп – 85 жоба (2 427 жұмыс орны);
• Туризм – 14 жоба (250 жұмыс орны);
• Құрылыс – 87 жоба (700 жұмыс орны).
Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 миллиард теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы, Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 миллиард теңге инвестиция тартылады.
Сонымен қатар, аудан әкімі өңірдегі инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетті. Бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады. Өңірдегі табиғи гектарбен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары «көгілдір отынды» тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.