
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Мәжілісте аудан көлеміндегі өзекті мәселелер қаралып, тиісті бөлім басшылары атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.
Аппараттық жиын күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе талқыланды. Алғаш болып білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков аудан мектептерінде жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Келесі кезекте аудан көлемінде жүзеге асатын жұмыстарға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалардың орындалу барысы қаралды. Бұл мәселе бойынша Қуаныш Таукебаев (құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі), Асылбек Қанағат (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі) және Жолдас Мырзабеков (жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі) жеке-жеке баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін күткен мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ «Сауран Су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің берешек қарыздары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Мекеме басшысы Мақсат Жарменов қазіргі ахуалды баяндап, қарыздарды өтеу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәлімдеді.
Жиын соңында ағын су мәселесі сөз болды. Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Досжан ақпарат беріп, ағын су тапшылығын азайту мақсатында қолға алынған шараларды баяндады. Иә, ағын су – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Түркістан облысында биылғы вегетациялық маусым жауын-шашынның аздығынан күрделі жағдаймен басталғанымен, әкімдік тарапынан қолға алынған жүйелі шаралар өңірдегі суару жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Түркістан облысында егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейтуде. Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 890 мың гектарға егілді, оның 552 мың гектары – суармалы алқаптар. Егістікке қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына сәйкес босатылып отыр. Вегетациялық кезең басталғаннан бастап суды реттеу аудан әкімдіктері мен шаруалар арасындағы келісім негізінде арнайы кестеге сай жүргізілуде.
Облысқа жыл сайын 4,8 миллиард текше метр су қажет. Алайда биыл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су қорының 30%-ға дейін қысқару қаупі бар. Бұл әсіресе облыстың оңтүстік аймақтарында – Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілуі мүмкін. Су көздерінің басым бөлігі көрші мемлекеттер аумағынан келетінін ескерсек, трансшекаралық тәуелділік жағдайды күрделендіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерте қамдану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар осы тапсырманың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Жағдайды тұрақтандыруға арналған нақты қадамдар жүзеге асуда. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» суқоймалары салынуда. Бұл «Бөген» суқоймасына қосымша 113 миллион текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізілмек. Жоспарланған межеден асып, 59 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазірдің өзінде 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған. Машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 текше метр/сек су берілуде. Бұл «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 текше метр/сек) ішінара теңгеруге бағытталған.
Сонымен қатар 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл су жүйелерінің тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге сеп болады. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек.
Ағын суды заңсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыстағы су нысандарына тұрақты тексеру жүргізіп, осы күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұл салған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Биылғы маусымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысы ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалануда жүйелі шаралар атқаруда. Су инфрақұрылымдарын жаңарту, үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің агросекторы ағын су тапшылығын еңсеруге қауқарлы болып отыр.
Аудан әкімі барлық баяндамалар бойынша нақты тапсырмалар беріп, әр мәселе бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді, өзара үйлесімділікті күшейтуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.