Түркістан облысы: Сауран ауданында балық шаруашылығы дамып келеді

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты. Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.

Сапар барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығының маңызды бағыты – балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлермен кездесті. Үшқайықта қазіргі таңда екі жекеменшік кәсіпкер ауқымды жобаларды іске асырып жатыр.

Бірінші жоба бұл кешенде интенсивті технология қолданылып, 1,2 гектар аумақты қамтитын бір үлкен бассейн салынған. Оның сыйымдылығы – 16 000 текше метр, бұл көлемде 40 тоннаға дейін балық өсіруге болады. Қазірдің өзінде бассейнге су толтырылып, сазан балығының шабақтары жіберілген. Жалпы, 2 миллион уылдырық салынған, нәтижесінде 500 мың шабақ алу көзделуде. Кәсіпорында 2 адам – балықшы маман мен көмекшісі еңбек етуде. Өнімдер жергілікті кафе, ресторан және дүкендерге сатылымға шығарылады. Су көзі ретінде арна (канал) мен жерасты суы пайдаланылуда.

Екінші жоба — бұл кәсіпорында жалпы 5 бассейн салу жоспарланған, қазіргі таңда 3 бассейн іске қосылған. Әрқайсысында бекіре және сазан балықтары өсірілуде. Қазірдің өзінде 200 дана бекіре бассейнге жіберілген, алдағы уақытта 1 миллион сазан шабағын өсіру жоспарланған. Кешеннің жылдық қуаттылығы 20 тонна балық өндіруге жетеді. Кәсіпорын Қарашық өзені мен арнайы қазылған 2 құдықтан су алып отыр. Балықтар жергілікті дүкендер мен кафелерге өткізіледі. Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіріп, жергілікті атқарушы билік тарапынан инфрақұрылым, құжаттық сүйемелдеу және басқа да қажетті көмектер көрсетілетінін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру – біздің стратегиялық міндетіміз. Балық шаруашылығы – соның жарқын мысалы. Осындай бастамалар арқылы ауылдағы табыс көзі артып, жастарға жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді Мақсат Таңғатаров.

Сауран ауданында бұған дейін де жылыжай, мал бордақылау, егін шаруашылығы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асқан болатын. Енді балық шаруашылығы осы қатарды толықтырып, аудан экономикасының жаңа бағытына айналары анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You