
Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, сенбілік жұмыстарының барысымен танысты.
Табиғатты аялауға бағытталған бұл шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен еріктілерден құралған 400-ге жуық адам белсенді түрде атсалысты.
Сенбілік барысында ауыл көшелері, қоғамдық аумақтар мен жасыл желектер тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 12 арнайы техника жұмылдырылып, 60 тоннаға жуық қоқыс жиналып, тиісті орындарға шығарылды. Ағаш түптері суғарылып, әктеу жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ сенбілік аясында Шорнақ–Бабайқорған бағытындағы ұзындығы 20 шақырымдық автомобиль жолының бойы да тазартылып, қоқыстар мен үйінділерден аршылды. Бұл бағыттағы жұмыстар елді мекендер арасындағы санитарлық жағдайды жақсартуға септігін тигізді.
Мамырдың 27-сінде Майдантал ауылының Ынталы елді мекенінде де сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Сәкен Сейфуллин көшесінің тұрғындары белсенді түрде атсалысты.
Сенбілікке 40-қа жуық адам қатысып, аумақты тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар көшелер мен аулаларды тазалап, күл-қоқыстарды шығарып, ағаш түптерін әктеп, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосты.
Сенбілік жұмысына ауыл әкімдігінің қолдауымен 2 техника жұмылдырылды. Арнайы жүк көліктері жиналған қоқысты шығару және топырақ тасымалдау жұмыстарын атқарды.
Ал мамырдың 24-інде Сауран ауданында көктемгі санитарлық тазалық айлығы аясында жаппай сенбілік өтті. Шараға Оранғай ауылдық округінің аумағындағы тұрғындар қатысып, жол бойындағы қоқыстарды жинап, шөптер мен бұталарды тазалады.
Сенбілік жұмыстарына 4 арнайы техника тартылып, абаттандыру мен көріктендіру ісі жүйелі түрде жүргізілді. Сенбіліктің негізгі мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдық жауапкершілікті арттыру.
Қазіргі таңда елімізде экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Бұл акцияның басты мақсаты – еліміздің әрбір аймағында тазалықты сақтап, экологиялық тәртіпті қалыптастыру. Аудан көлемінде осы акция аясында арнайы мобильді топ құрылып, тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында ретсіз қоқыс тастаудың алдын алу шаралары қолға алынған болатын.
Мобильді топтың басты міндеті – аудан аумағында үнемі тазалық жұмыстарын бақылап, қажет болған жағдайда түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Олар күн сайын түрлі орындарды аралап, ретсіз қоқыс тастаушыларды анықтап, оларға экологиялық тәртіпті сақтау қажеттілігін түсіндіруде. Қазіргі уақытта бұл топтың жұмысы тиімді әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Мобильді топ тұрғындар мен кәсіпкерлерге экологиялық заңнамалар мен тазалық сақтау ережелерін түсіндіреді. Әрбір тұрғыны мен кәсіпкері бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, өз аумақтарын таза ұстауға үлес қосуы қажет.
Еске салайық, бұл күн БҰҰ қолдауымен алғаш рет 1973 жылы аталып өткен. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні (World Environment Day) 5 маусымда жыл сайын аталып өтеді. Бұл күн 1972 жылы БҰҰ-ның Стокгольмдегі «Қоршаған орта бойынша» алғашқы халықаралық конференциясында белгіленді. Сол жылдың 15 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Қоршаған орта күні» деп жариялап, ресми түрде бекітті. Бірақ адамзат қоршаған ортасы мен табиғат байлығын қорғаудың орнына, бүлдіріп, қиратып, ластап, құртуға құмар болып алған. Оған жаһандық экономика мен технологиялық төңкерістер, адамдардың табиғи қажеттіліктері басты факторы болып отыр.
Бұл күн БҰҰ Экологиялық бағдарламасының (UNEP) қолдауымен алғаш рет 1973 жылы аталып өтті. Содан бері әр жыл сайын экологиялық ахуалға ерекше назар аудару мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі тақырыппен өтеді.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні – бұл:
- адамзаттың табиғатты сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған күн;
- экологиялық проблемаларға назар аударып, шешімін іздейтін жаһандық үндеу;
- қоғамды табиғатты аялап, ресурстарды ұтымды пайдалануға шақыратын маңызды шара.
БҰҰ бұл күнді атап өту арқылы климаттың өзгеруі, биологиялық әртүрліліктің жойылуы, ормандардың кесіліп жатуы, ластану мен қалдықтар мәселесіне әлем назарын аударғысы келеді.
Қазақстанда бұл күн «Қоршаған ортаны қорғау күні» немесе «Экологтар күні» ретінде белгілі. Бұл күн экология саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде де атап өтіледі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 5 маусым қарсаңында:
- ағаш отырғызу акцияларын,
- экологиялық сенбіліктерді,
- тазалық және қайта өңдеу науқандарын,
- мектептер мен ЖОО-ларда экосабақтар мен көрмелер өткізеді.
Сондай-ақ, «Жасыл Қазақстан», «Таза табиғат», “Таза Қазақстан” сияқты ұлттық экологиялық бағдарламалар шеңберінде қоғамдық бастамалар көтеріліп, эко акциялар ұйымдастырылып келеді.
Қазақстан Республикасында “Қоршаған ортаны қорғау туралы” Заң 1997 жылы 5 тамызда қабылданған. Осы Заңның негізінде қазіргі күнге шейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, 2007 жылы халықаралық актілерге, жаңа стандарттарға сай біздің экологиялық заңнаманы үйлестіріп, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экологиялық кодекс қабылданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.