Түркістан облысы: Сауран ауданында “Халық заңгері” жалпыреспубликалық акциясы өтті

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде ұйымдастырылған “Халық заңгері” жалпыреспубликалық акциясы Сауран ауданында да өткізілді.

Аталған шараның мақсаты — құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға тегін кеңес беру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Акция аясында аудан тұрғындарына түрлі саладағы заңгерлер, адвокаттар, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, сондай-ақ нотариаттық қызметті жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар құқықтық көмек көрсетті.

Іс-шараға Түркістан–Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының тәжірибелі заңгерлері — Айсара Құдасова және Ақжол Шойбеков қатысты. Олар азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.

Сондай-ақ, акцияға мемлекеттік сот орындаушысы мен жеке сот орындаушылары да қатысып, алимент өндіру, сот шешімдерінің орындалуы, мүліктік даулар және өзге де маңызды мәселелер бойынша кеңес берді.

Аудан тұрғындары бұл шараға белсенді қатысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты әрі кәсіби жауаптар алды. Көпшілік тарапынан мұндай бастаманың маңыздылығы атап өтіліп, “Халық заңгері” акциясы халық пен құқық қорғау құрылымдарының ашық әрі тиімді диалог алаңына айналғаны айтылды.

Естеріңізде болса, мамырдың 27-сінде «30 мамырда Қазақстанның барлық өңірлерінде өтетін «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы Сауран ауданында ұйымдастырылады.

Заңгерлер, адвокаттар және мемлекеттік орган өкілдері тұрғындардың барлық құқықтық сұрақтарына жауап беріп, тегін кеңес береді және білікті көмек көрсетеді.

Келіңіздер! Құқықтық көмекке мұқтаж барлық азаматтарды күтеміз!

Өтетін орны: Сауран ауданы, Мәдениет үйі.

Басталу уақыты: 30 мамыр, сағат 11:00.

Кіру тегін!

Акция ҚР Үкіметінің қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, “Параграф” ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттары» деген мәтіндегі хабарландыру жарияланған болатын.

Атап өтейік, 2025 жылғы 30 мамырда еліміздің барлық ірі қалалары мен елдімекендерінде бір мезгілде «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы басталды. Мұнда барша құқықтық консультацияларды, сондай-ақ мемлекеттік органдарға сауалы барлар тегін жауап ала алады. Биыл құқықтық мәдениетті, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру және құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру үшін қоғамдағы «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

«Халық заңгері» бірегей жалпыреспубликалық акциясы Үкіметтің қолдауымен өткізіледі.

Азаматтардың сұрақтарына Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, қалалық және аудандық әкімдіктердің, полиция қызметкерлері, сот орындаушылары және, әрине қазақстандық танымал заңгерлер, нотариустар, медиаторлар және т. б. жауап береді.

Ұйымдастырушылар: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Prosud.kz желілік басылымы, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары, Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.

«Бүгін мемлекеттік органдар, құқықтың барлық саласы бойынша заңгерлер, адвокаттар жиналды. Кез келген азамат еліміздің мықты адвокаттары мен заңгерлерінің жоғары білікті заң көмегіне тегін жүгіне алады. Сондай-ақ мемлекеттік билік органдары азаматтарды қабылдайтын болады. Бұл күні біз бәріміз халыққа көмектесу үшін бірігеміз», — дейді жауаптылар.

2016-2024 жылдар аралығында «Халық заңгеріне» 10 000-нан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 300 000-нан астам қазақстандық кеңес алды. Бастапқыда іс-шараға тек заңгерлер қатысты, бірақ уақыт өте келе тұжырымдаманы мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы да қолдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You