Түркістан облысы: Сауран ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай салтанатты шара өтіп, жаңа саябақ ашылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сауран ауданында кең ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Балаларға қуаныш сыйлауды мақсат еткен іс-шараны аудан әкімдігі үйлестіріп, оған тұрғындар, бүлдіршіндер мен қонақтар белсенділік танытты. Салтанатты концертке аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыс мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара аясында балалардың түрлі ән-билері шырқалды. Шығармашылық ұжымдар мен мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан тәтті сыйлықтар тарту етіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құттықтау сөзінде: «Құрметті балалар, ата-аналар және барша аудан тұрғындары!

Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – бала күлкісі мен шаттығының, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге бағытталған игі істердің мерекесі. Балалар – еліміздің болашағы, халқымыздың үміті мен сенімі. Олардың дені сау, білімді, тәрбиелі болып өсуі – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Сауран ауданы бойынша балаларға қолайлы орта қалыптастыру, сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Балғындарымыздың жарқын келешегі үшін барлық жағдай жасала береді.

Осы мерекеде балалардың жүзінен шаттық кетпесін, әр үйде қуаныш пен береке орнасын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ал балаларға бейбіт өмір мен баянды болашақ тілеймін!

Балалар – біздің болашағымыздың жарқын бейнесі. Олардың амандығы мен бақытты балалық шағы – біз үшін басты құндылық», – деп атап өтті. Балалардың шаттыққа толы жүздері мен ата-аналар мен қонақтардың жылы лебіздері мерекенің мәнін айқындады. Сауранда өткен бұл шара жас ұрпаққа деген үлкен қамқорлық пен мейірімділіктің жарқын көрінісі болды.

Осы тұста тілге тиек етерлігі, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сауран ауданының орталығында жаңа балалар саябағының ашылу салтанаты өтті. Аталған игі жоба аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, бүгінгі таңда пайдалануға берілді. Жобаның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, саябақтың ресми түрде тұсауын кесіп, ел игілігіне тапсырды. Сонымен қатар, облыс мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, ауданның зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар жаңа нысанмен танысты.

Жалпы аумағы 2,14 гектарды құрайтын жаңа саябақ заманауи талаптарға сай жабдықталған. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, үлкен ойын алаңы түрлі жастағы балаларға арналған заманауи әрі қауіпсіз құрылғылармен қамтылған. Алаң жұмсақ жабынмен төселіп, қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді.

Сонымен қатар, саябақ аумағы көгалдандырылып, 2113 шаршы метр жасыл белдеу қалыптастырылды. Демалуға арналған көлеңкелі аймақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, орындықтар орнатылған. Табиғи атмосфераны жандандыру мақсатында саябаққа 12 түрлі ағаш, 88 түп шырша, 25 түп писсарди, 20 түп шынар, 30 түп раушан гүлі және 40 түп бөріқарақат көшеті отырғызылды. Демалуға арналған көлеңкелі аймақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, орындықтар орнатылған.

Жаңа саябақ – балалардың денсаулығын нығайтып, белсенді демалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғатпен етене жақын болуына жағдай жасайтын ашық әрі жайлы кеңістікке айналып отыр. Бұл аудан халқы үшін ерекше қуаныш, ал балалар үшін үлкен тарту болды.

Сонымен қатар бүгін «Ақорда» резиденциясында балаларға экскурсия ұйымдастырылды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар Ақордада қонақ болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар келді. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер де болды.

Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады.

Экскурсоводтар ғимарат құрылысының тарихы, оның ерекшеліктері мен мұнда өтетін іс-шараларға байланысты қызықты фактілер жайында мәлімет берді.

Сонымен қатар оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Өңірлерден келген балалар елорданың көрікті орындарын да аралайды.

Биыл Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар алгоритмі «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына сай түзілді. 22 мамырдан басталып, 1 маусымға дейін жалғасатын онкүндік аясында отбасы, қауіпсіздік, денсаулық, білім беру, бала құқығын қорғау секілді маңызды мәселелерге баса назар аударылды.

Ел аумағында отбасылық, ағартушылық, қайырымдылық бағыттарындағы рәсімдер, көрмелер, спорттық турнирлер, экологиялық акциялар, дәрігерлер мен психологтардың қабылдаулары ұйымдастырылды. Декаданың бір күні цифрлық технологияларды ілгерілетуге және цифрлық ортада балаларды қорғауға арналды.

Еске салайық, Балаларды қорғау күні 1949 жылы қарашада Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресінің шешімімен белгіленді. Бұл күнді алғаш рет 1950 жылы атап өтті. Бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмірі, денсаулығы, білім алуы мен құқықтарын қорғау қажеттігін әлемге еске салу.

Балаларға арналған тағы бірнеше халықаралық күндер бар: 4 маусым — Агрессия құрбаны болған жазықсыз балалардың халықаралық күні, 16 маусым — Африка балаларын қорғау күні, 20 қараша — Бүкіләлемдік балалар күні. Сонымен қатар, халықаралық құқық деңгейінде балалардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі құжат — Бала құқықтары туралы конвенция болып саналады. Бұл құжатты БҰҰ 1989 жылдың 20 қарашасында қабылдады, ал КСРО оны 1990 жылдың 13 шілдесінде ратификациялады. Халықаралық балаларды қорғау күнінің туы да бар. Онда жасыл түсте жер белгісінің айналасында қызыл, сары, көк, ақ және қара мүсіндер бейнеленген. Жасыл өсуді, үйлесімділікті білдіреді. Адам бейнелері әртүрлілік пен төзімділікті білдіреді. Жер белгісі – бүкіл адамзаттың ортақ үйінің символы.

Қазақстанда 1 маусымда балалар мерекесіне орай дәстүрлі түрде түрлі мәдени және білім беру шаралары ұйымдастырылады.

Биылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 5,6 миллионға жуық бала бар. Жалпы халық санындағы кішкентай қазақстандықтардың үлесі 31 процентті құрайды. Басым бөлігі оңтүстік өңірдерде тұрады. Олар:

Түркістан облысы – 927 мың бала;

Алматы қаласы – 665 мың бала;

Алматы облысы – 556 мың бала;

Шымкент қаласы – 497 мың бала;

Астана қаласы – 472 мың бала.

Бүгінде мемлекет деңгейде балаларды қорғау бойынша қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында кәмелет жасқа толмаған балалардың есепшотына жыл сайын қаржы аударылады. Биыл мыңдаған бала ол ақшаны пайдаланды.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарламаны қабылдауды тапсырды.

«Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», — деді Тоқаев Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында.

Қазіргі кезде Қазақстанда Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне кірмейді. Сол себепті ресми демалыс берілмейді.

Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі фракциясы 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосуды ұсынды. Депутаттардың айтуынша, осы бастаманың арқасында отбасы институтын күшейтуге болады. Ал ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізе алады. Үкімет тиісті қаулыны шығарса ғана Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You