
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік және экономикалық бағыттарындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралып, тиісті бөлім басшылары мен жауапты тұлғалар есеп берді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы болды. Бұл мәселе бойынша аудан әкіміне Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дәуірхан баяндама жасап, оңалту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, гигиеналық және техникалық құралдармен қамтамасыз ету, санаторлық-курорттық емделуге жолдама беру, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамту бағыттары сөз болды.
Орайы келгенде атап өтер жайт, Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл мәселе түнеугүні облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 11 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-топтағы мүгедектер – 989, 2-топта – 5101, 3-топта – 4755 азамат, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны – 1637.
Өткен жылы 8179 мүгедектігі бар адам техникалық көмекші құралдармен және арнайы қызметтермен қамтылды. Биыл бұл көрсеткішті 9857 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 211 азамат арнаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.
Биылдан бастап «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы санаторлық-курорттық ем алу және міндетті гигиеналық құралдарды алу өтініштері проактивті форматта қабылдануда. Бұл ретте азаматтарға мобильді азаматтар базасы арқылы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жолданып, өтініштер автоматты түрде тіркеледі.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларына техникалық құралдармен (протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, арнайы жүріп-тұру құралдары, гигиеналық тауарлар) қамтамасыз ету және қызмет көрсету (ымдау тілі маманы, жеке көмекші қызметі, санаторлық-курорттық емдеу) кіреді.
Мәжілісте мүгедектікті белгілеу барысындағы кейбір күмәнді мәселелер де қаралды. Бұл бағытта арнайы талдау жүргізіліп, коррупциялық тәуекелдерді азайту мақсатында жаңа жобалар енгізілуде.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және олардың қоғамға толыққанды араласуын қамтамасыз ету — тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың міндеті. Осы мақсатта “2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы” аясында жыл сайын қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделетін болады.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, аудан әкімі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту және әрбір сала бойынша нақты нәтижеге бағытталған жұмысты жолға қою қажеттігін баса айтты.
Мемлекеттік қызмет демекші, елімізде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Президенттік жастар кадр резерві – жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құруға бағытталған жоба.
1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысу үшін pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттар 30 маусымға дейін қабылданады.
Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
- Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
- Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
- Экономикалық және қаржылық саясат;
- Цифрландыру;
- Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
- Сыртқы саясат және инвестициялар.
Тіркеу кезінде кандидат Резервке алынған жағдайда еңбек қызметін жүзеге асырғысы келетін салалық бағытты таңдауы керек. Әрбір салалық бағыт үшін Резервке алу квотасы көзделеді. Бұл ретте, кандидаттардың әр бағыт бойынша біркелкі санын ұстап тұру мақсатында Резервке іріктеудің барлық кезеңдерінде пропорционалды іріктеу қамтамасыз етіледі.
Іріктеу 6 кезең бойынша өткізіледі:
- Кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
- Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
- Ситуациялық тапсырмаларды шешу;
- Құзыреттерді бағалау;
- Сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу;
- Ұлттық комиссияның отырысы.
Іріктеу қорытындысы бойынша 50 адам Резервке қабылданады. Резервке алу туралы шешімді жариялау ағымдағы жылдың 25 қазанынан кейін жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.