Түркістан облысы: Сауран ауданында Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды

Бүгін Сауран ауданында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Шараға мемлекеттік қызметшілер, аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатысты.

Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Бекзат Абубакиров пен аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов құттықтау сөздерімен ашып, мемлекеттік қызметтің маңызын, мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттары табыс етілді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Абылайхан Наурызбаевтың атынан да бірқатар мемлекеттік қызметші алғыс хатпен марапатталды.

Салтанатты шара аясында ауданның бірқатар жас мемлекеттік қызметшілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің антын қабылдады. Олар мемлекеттік қызметтің жоғары мәртебесі мен жауапкершілігін терең түсініп, туған халқының игілігі үшін адал еңбек етуге салтанатты түрде ант берді. Жас мамандардың бұл маңызды қадамы мемлекеттік қызметке деген құрмет пен сенімнің айқын көрінісі болып, қатысушылардың зор қошеметіне бөленді.

Шара соңында мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиналғандар мемлекеттік қызметкерлердің қажырлы еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын атап өтіп, бір-біріне толағай табыс пен жетістіктер тіледі.

Ал Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз кезегінде: «Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Сіздерді 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке — мемлекеттік басқару ісіне адал еңбек етіп, еліміздің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан әрбір мемлекеттік қызметшінің беделі мен мәртебесін айғақтайтын күн. Сауран ауданында бүгінде 175 мемлекеттік қызметші еңбек етіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби өсуі — ортақ жетістіктің кепілі. Осы мақсатта ауданымызда мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған мамандар 120 сағаттық қайта даярлау курсынан өтсе, әр 3 жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар мемлекеттік аппараттың заман талабына сай бейімделуіне, кәсіби машық пен тәжірибесін үздіксіз жетілдіруіне зор мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халыққа қалтқысыз қызмет ету — әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті», — деп атап өткен болатын. Осы сөз әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби ұстанымы болып қалуы тиіс деп есептеймін.

Құрметті әріптестер!

Ел мүддесін қорғау, халыққа қалтқысыз қызмет ету — біздің ортақ міндетіміз. Осы жолда көрсеткен адалдығыңыз, жоғары жауапкершілігіңіз бен тәжірибеңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбек жолдарыңызға толағай табыс тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деген құттықтауын жеткізді.

Еске салайық, 23 маусымда әлем елдерінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл туралы резолюция 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-ші сессиясында 23 маусымда қабылданған болатын. Ал 2013 жылы ҚР Президенттің Жарлығымен елімізде бұл күн мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Сонымен, 2014 жылдың маусымынан бастап Қазақстан Мемлекеттік қызметші күнін атап өте бастады.

Елдегі мемлекеттік қызметкерлердің рөлі зор. Өйткені, олар қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекет саясатының дирижері болып табылады. Көбіне мемлекеттік қызметшілердің жұмысы азаматтардың қажеттіліктерін мемлекет заңдарда анықтаған құқықтық кеңістік шеңберінде қанағаттандыруға бағытталған.

Сондықтан кәсіби емес жұмыс немесе жекелеген мемлекеттік қызмет қызметкерлерінің өз жұмысына жауапсыз қарауы жалпы мемлекеттік қызметке деген сенімділікті айтарлықтай төмендетеді.

Әр мемлекет өз қызметкерлерінің жұмысын өзінше ұйымдастырады. Мемлекеттік қызметтің жұмыс істеу принциптері кейбір жағынан әр елдерде ұқсас.

Бүгінгі таңда Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң бар, ол оның қалыптасу және қызметке қабылдау принциптерін, жұмыс істеуін, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін реттейді. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің негізгі басымдықтарына ашықтық, жеделдік, халықтың қажеттіліктеріне бағдарлану жатады.

Кадрларды даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға, мемлекеттік қызметшілер лауазымына кандидаттарды мұқият іріктеуге ерекше назар аударылады. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қызмет мамандарын даярлау және біліктілікті арттыру орталықтары құрылды. Мемлекеттік қызметтің жеке қызметкерлері үшін шетелде тағылымдамалар ұйымдастырылады, олар басқа елдердегі осындай құрылымдардың үздік тәжірибелерімен танысады.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызмет органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізіліп, тәртіптік бақылау күшейтілді. Мемлекеттік қызмет өкілдерінің азаматтардың жұмысына және үндеулеріне қатынасын реттейтін мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі жасалды және қолданыста. Бұл шаралардың барлығы мемлекеттік қызметшінің азаматтар тұлғасындағы беделін арттыруға бағытталған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметші күні мемлекеттік қызметке қабылданған мемлекеттік қызметшілер үшін ант қабылдау рәсімдері, 15 жыл ішінде мінсіз қызмет еткені үшін төсбелгілерді табыстау ұйымдастырылады. Елімізде үздік мемлекеттік қызметші атағы үшін конкурстар, мемлекеттік қызмет органдарының жыл бойғы жұмысын жариялайтын бұқаралық ақпарат құралдары арасында конкурстар ұйымдастырылады және өткізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You