Түркістан облысы: Сауран ауданында шіркей мен зиянкестерге қарсы дезинфекциялау жұмыстары жалғасып келеді

Көктемгі маусымның келуімен бірге шіркей, маса және түрлі зиянкес жәндіктердің белсенділігі артып келеді. Осыған орай, Сауран ауданында тұрғындардың денсаулығын сақтау және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында жоспарлы дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда бұл шаралар Бабайқорған, Жібек жолы және Шорнақ ауылдық округтерінде жүзеге асырылып жатыр. Арнайы мамандандырылған мекеме қызметкерлері ауыл маңындағы барлық жерлерді залалсыздандыруда.

Пайдаланылатын дәрі-дәрмектер мен химиялық заттар адам мен жануарлар үшін қауіпсіз, экологиялық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Дер кезінде жүргізілген өңдеу жұмыстары шіркейлердің көбеюін айтарлықтай төмендетеді және маусымдық аллергия, тері аурулары сияқты мәселелердің алдын алады.

Аудан әкімдігі тұрғындарды аталған жұмыстарға түсіністікпен қарауға және сақтық шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, дәрі шашылып жатқан аумақтарға уақытша бармауға, ашық су көздерінде су ішпеуге және үй жануарларын да қорғауға кеңес береді.

Айта кетейік, шіркейге қарсы дезинфекциялау жұмыстары Сауран ауданының барлық ауылдық округтерінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Бұл – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі және маусымдық шара.

Дезинфекция жұмыстары жергілікті әкімдік пен эпидемиологиялық қызметтің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Жұмыс барысында арнайы химиялық заттар мен құралдар қолданылып, ауылдың барлық аумағы мен тұрғын үй маңы толықтай өңделуде. Осы ретте, аудан әкімдігі дезинфекция жұмыстарының кезекті кезеңдерін жоспарлап отыр.

Үшқайық ауылдық округтерінің аумағында да шіркейлерге қарсы ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау және аумақтағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында қолға алынған.

Дезинфекция жұмыстары жергілікті әкімдік пен эпидемиологиялық қызметтің ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Жұмыс барысында арнайы химиялық заттар мен құралдар қолданылып, ауылдың барлық аумағы мен тұрғын үй алаптары толықтай өңделуде.

Бұл шаралар жаз айларында шіркейлердің көптеп таралуын болдырмауға көмектеседі. Аудан әкімдігі дезинфекция жұмыстарының кезекті кезеңдерін жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Шорнақ, Қарашық, Оранғай, Жібек жолы ауылдық округтерінің сыртқы аумақтарына профилактикалық шаралар жалғасын табатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You