Түркістан облысы: Сауран ауданында тікұшақ пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланды

Түркістан облысында тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жүк тасымалдайтын дрондарды өндіретін жаңа зауыт ашылуы мүмкін. Бүгін инвесторлар мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің кездесуі өтті.

Талаптар жобаны жүзеге асыру шарттары талқылады. Ауқымды зауыттың құрылысы үшін индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы потенциалды орын ретінде ұсынылды. Бұл жоба өңірдегі ең технологиялық өндірістердің бірі болуы мүмкін.

Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыттары дамуы күтіліп отыр. Әкім ынтымақтастыққа ашық және инвесторларды барлық кезеңде қолдауға дайын екенін атап өтті.

– Біз инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам. Түркістан облысы жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүдделі, мұндай зауыт өңір экономикасына маңызды үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар мен дрондарды өндіреді, олар логистикада, ауыл шаруашылығында, туризмде, инфрақұрылымды бақылауда және басқа салаларда қолданылатын болады. Жоба төменгі авиация экономикасының жылдам дамып келе жатқан саласына бағытталған – биіктігі 3000 метрге дейінгі ұшу аппараттары. Заманауи техникалар қала ішіндегі әуе тасымалы, дрондар арқылы тауар жеткізу және жедел көмек көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында қолданылады.

Түркістан облысы инвесторларға дамыған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау ұсынады. Өңірде 15 индустриалды аймақ жұмыс істейді, 4000 гектар аумақты қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. Инвесторлар бірнеше салық түрлерінен босатылады. Сонымен қатар өңірде инвесторларға арналған «бір терезе» жүйесі енгізілген. Ірі шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатылған.

Соңғы үш жылда облыста қытай капиталы қатысқан 110 миллион доллар көлеміндегі 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, тағы 1,1 миллиард долларды құрайтын 7 жоба іске асырылу сатысында тұр.

Атап өту керек, Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.

Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған.

Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді.

Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.

Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді.

Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ұдайы түрде арнайы өндірістік аймақтарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесіп тұрады. Кездесу барысында оларға барлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдегені де — есімізде. Бұл қолдау кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге өз бизнестерін кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын айтады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Расын айту керек, өндірістік аймақтар құру жобасы тек қана кәсіпкерлер үшін емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де маңызды. Кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі, жаңа өндіріс орындары жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, жұмыс күшінің артуына әкеледі, еңбек нарығында бәсекелестік арта түседі. Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, индустриалды аймақтар кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауданның көркеюі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You