Түркістан облысы: Сауран ауданында заң мен тәртіпті ілгерілету мақсатында қоғамдық қабылдау өтті

«Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысына сәйкес, Түркістан облысы әкімдігі мен құқық қорғау органдарының бірлескен бастамасымен Сауран ауданында қоғамдық қабылдау өтті.

Іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы һәм әдеп жөніндегі уәкіл Бекзат Абубакиров пен Сауран ауданы прокурорының орынбасары Сухрабжан Каххаров, Сауран ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрлыбек Темирбаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің арнайы басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Қанат Садықов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жанболат Турапбай мен Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Мұхтар Тұрғанбаев, сондай-ақ жеке сот орындаушы Салтанат Сейсенбаева қатысып, тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді.

Шарада азаматтарға мемлекеттік қызметтер, қаржылық сауаттылық, қаржылық алаяқтықтың алдын алу бағытында кеңес беріліп, сұрақтарына толыққанды жауап қайтарылды. Қоғамдық қабылдауға қатысушылар жеке мәселелерін ортаға салуға, заң аясында түсініктеме алып, проблемаларын шешу бағытында нақты бағыт-бағдар алуға мүмкіндік алды.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің №200 қаулысымен бекітілген тұжырымдаманың маңызды бөлігі болып табылатын «Қоғамға қызмет ету» апталық жоспарының аясында ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін өтетін осындай кездесулер арқылы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ашықтық пен әділдіктің тұғырын нығайту көзделіп отыр.

Естеріңізде болса, аталмыш шара жөнінде алдын ала хабарландыру жасалған болатын. Онда «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысына сәйкес, Түркістан облысы әкімдігі мен құқық қорғау органдарының бірлескен бастамасымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында 2025 жылғы 25 маусым күні сағат 10:00-де қоғамдық қабылдау өтеді.

Бұл іс-шарада прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру, полиция және әділет департаменттерінің өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер, қаржылық сауаттылық, қаржылық алаяқтықтың алдын алу бағытында кеңес алуға мүмкіндік беріледі.

Өтетін орны: Сауран ауданы, Шорнақ елді мекені, Басқармалар үйі, 3-қабат, мәжіліс залы.

Баршаңызды қатысуға шақырамыз!» делінген болатын.

Қоғамға қызмет демекші, осы орайда қоса кетер тағы бір ақпарат, бүгін сонымен қатар Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудандық Әдеп жөніндегі уәкіл Бекзат Абубакиров ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізіп, Әдеп кодексінің жаңа талаптары мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетін сақтау мәселелерін түсіндірді.

Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен қарым-қатынаста жоғары мәдениеттілік, әдептілік және құрмет қағидаттарын ұстануы қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, дөрекілік, өрескелдік және әдепсіздікке мүлдем жол бермеу, қызметтік міндеттерді орындау кезінде әділдік пен ашықтыққа басымдық беру маңызды екені айтылды.

Әкімдерге іскерлік қатынас мәдениетін сақтау, әр іс-әрекетімен мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтірмеу қажеттігі түсіндірілді. Кездесуде Әдеп кодексінде көрсетілген мемлекеттік қызметшілердің адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және тұтынушыға бағдарлану қағидаттарына ерекше тоқталып, олардың іс жүзінде толық сақталуының маңыздылығы айтылды.

Мемлекеттік қызметшілерге жоғары кәсіби мәдениет пен әдеп нормаларын сақтау әрбір мемлекеттік органның беделін арттыруға тікелей ықпал ететіні ескертілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You