Түркістан облысы: Сауран ауданында заман талабына сай зауыттар мен кәсіпорындар көбейіп келеді

Түркістан облысында инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады.

Өңір басшысы өз кезегінде жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.

– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу мен өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 миллиард теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 миллион. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.

Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылығы тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Одан бөлек, сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.

«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.

Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарындағы 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 миллиард теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You