Түркістан облысы: Сауран ауданында Жаңа Иқан ауылында электрмен қамтамасыз ету нысаны салынып жатыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жыл сайынғы дәстүрге сай ауыл тұрғындарымен кездесуін жалғастыруда. І жартыжылдықтың есебін беру мақсатында ол Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиынға ауылдық округ әкімі Тайыр Абдиев, аудандық бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Кездесу барысында Тайыр Абдиев ауылдық округтің 2024 жылғы жұмыс қорытындылары мен негізгі көрсеткіштері туралы баяндама жасап, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, алдағы жоспарлар мен жаңа жобалар туралы да ақпарат берді.

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген сауалдарға тиісті сала мамандары тарапынан нақты әрі толық жауаптар берілді. Әсіресе, жол жөндеу, ауыз су, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар жөнінде айтып, әрбір көтерілген мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Кездесу ашық пікір алмасу түрінде өтіп, тұрғындар өз ойларын еркін жеткізіп, нақты шешім қабылданды.

Сонымен қатар осы сапар барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекенінде салынып жатқан электрмен жабдықтау нысанының құрылыс барысымен танысты.

Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер ретінде «Тұран құрылыс» ЖШС мен «ЖОББЕСТПРОЕКТ» ЖШС бекітілген.

Аудан басшысы мердігер ұйым өкілдерінен жұмыс қарқыны мен сапасы туралы толық ақпарат алып, құрылыс барысын бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, белгіленген мерзімде аяқталуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын тапсырды.

Мақсат Таңғатаров ауыл инфрақұрылымын дамыту — аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі екенін айта келе, бұл жоба тұрғындар үшін аса маңызды екенін жеткізді. Жоба — ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Әкім нысан сапасы мен қауіпсіздігін жеке бақылауына алды.

Бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Өңірдегі табиғи газбен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары «көгілдір отынды» тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.

Айта өтейік, Сауран ауданында электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған-ды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады.

Бұл ретте Түркістан облысын сапалы электрмен жабдықтау мақсатында ірі жобалардың қолға алынғанын да атап өткен жөн. Атап айтқанда, облыста қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асуда. Жоба құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Одан бөлек, 2023-2025 жылдары жалпы қуаты 90 МВт 4 күн электр станциясы мен қуаты 11,5 МВт 5 шағын гидроэлектростанция салу жоспарланған. Оның ішінде, өткен жылы Отырар ауданы аумағында 50 МВт күн электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You