
Сауран ауданында «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Аламанға аймақтың әр түкпірінен келген белгілі және жас ақындар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Айтыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.
Жыр додасының басты мақсаты – айтыс өнерін кеңінен насихаттап, Абай мұрасын ұлықтау, ел бірлігі мен тарихтағы батырлар ерлігін дәріптеу. Сонымен қатар ақындар Сауран ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын да ақындар жырларына арқау етті.
Ескі Иқан ауылындағы Мәдениет үйінде өткен айтысты аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы арнайы ашып беріп, ақындарға сәттілік тіледі, елдің рухын көтеретін жыр додасының әділ әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді.
Ақындар алдын ала белгіленген тақырыптар бойынша жұппен өнер көрсетті. Алғашқы жұп Бекарыс Шойбеков пен Сырым Әуезхан «Біз достықтың мекеніміз» тақырыбын жырлады. ІІ жұп – Шұғайып Сезімхан мен Нұрзат Қару «Отбасы бақыты – шаңырақ шаттығы» тақырыбында айтысты. ІІІ жұпта Аян Ниязбек пен Ахметрасул Баянбай «Ауылым алтын бесігім» тақырыбын көтерді. Ал ІV жұп – Қажымұхан Абзалов пен Нұрмахан Жақыпбек «Жеңістің жаққан алауын» тақырыбында сөз сайыстырды. V жұптағы Мейіржан Жақып пен Нұрдәулет Өмірбек «Абай жолы – өмір жолы» тақырыбында өнер көрсетті. VI жұп – Еркебұлан Қайназаров пен Қалижан Білдашев «Еңбек адамы – ел мақтанышы» тақырыбын арқау етіп, көрерменге мазмұнды айтыс ұсынды.
Аламан доданың қазылар алқасына танымал айтыс жанашыры Оразымбет Бөрібай төрағалық етті. Қазылар алқасы әділ шешім қабылдап, әр ақынның шеберлігіне, тапқырлығына және тақырыпты ашудағы өнеріне лайықты баға берді. Қазылар шешімімен Бас жүлдені Бекарыс Шойбеков (1 000 000 теңге) иеленді. І орын Еркебұлан Қайназаровқа (600 000 теңге),
ІІ орынға Нұрзат Қару (450 000 теңге) лайық деп танылды. Ал ІІІ орын Қажымұхан Абзаловқа, Қалижан Білдашевқа, Шұғайып Сезімхан мен Сырым Әуезханға (350 000 теңге) бұйырды.
Арнайы жүлделер иегерлері де анықталып, 250 000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Олардың ішінде Тәушен Абуова атындағы жүлде Аян Ниязбекке, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде Мейіржан Жақыпқа, Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлде – Нұрмахан Жақыпбекке, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының жүлдесі Ахметрасул Баянбайға, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Нұрдәулет Өмірбекке табысталды.
Айта кетейік, жыр додасын Түркістан облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясы және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» тікелей қолдауымен, Сауран ауданы әкімдігі ұйымдастырған. Айтыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендер рухани ләззат алды. Айтыс өнерін дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени іс-шара алдағы уақытта да өзге де аудан, қалаларда жалғасын таппақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.