
Сауран ауданында сапалы жол салып, инфрақұрылымын жақсарту жүйелі түрде жүргізілуде. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мырзабековтің айтуынша, жолдар сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және халықтың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа жобалар жоспарланып отыр.
Әсіресе, ауылдық елді мекендермен байланысатын жолдардың жағдайы жақсартылып, транспорттық инфрақұрылым нығайтылмақ. Аудан бойынша жолдың жалпы ұзындығына келсек:
- Аудандық маңызы бар жолдар – 119,3 шақырым;
- Елді мекен ішіндегі жолдар – 731,9 шақырым;
Жолдардың 70%-ы — қанағаттанарлық жағдайда.
2025 жылы:
- Теке ауылындағы 4 шақырым орталық көше,
- Қаражон–Ынталы бағытындағы 6,3 шақырым жол,
- Жүйнек, Жаңа Иқан ауылдарындағы 11,8 шақырымды құрайтын 12 көше орташа жөндеуден өтеді.
2024 жылы:
- 58 шақырым топырақ жолға тас төселді.
- 31 аялдама орнатылды.
- 4 бағытта қоғамдық көлік іске қосылды.
- 12 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
- Қарашық–Қарнақ бағытындағы көпір – шілдеде ашылады.
- Абай ауылындағы «Көксарай» көпірінің жобасы әзірлену үстінде.
Бұдан бөлек аудан тұрғындары үшін маңызды бағыттардың бірі саналатын Шорнақ–Жібек жолы–Ескі Сауран елді мекендерінен өтетін автожолда орташа жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар бұл жолдың сапасын арттыру тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жеңілдетіп, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Мердігер мекеме бекітілген жұмыс кестесіне сай, тиісті құрылыс техникасы мен жұмыс күшін тарта отырып, жол салу ісін жүйелі түрде атқарды.
Өз кезегінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы барып танысып, мердігерге сапа мен мерзімге баса назар аудару қажеттігін ескерткен болатын. Жол құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілді. Аудан әкімдігі тарапынан жол сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, барлық жұмыстар белгіленген техникалық талаптарға сай орындалуы қадағаланды.
Жол демекші, мамыр айының 23-інде Сауран ауданында облыстық маңызы бар КХ-59 «Түркістан–Қарнақ» автожолының бойындағы көпірдің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, көпірдің ел игілігіне берілуімен тұрғындарды құттықтап, өңірдегі инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жалпы ұзындығы 72 метр, ені 9 метрді құрайтын көпір – Сауран ауданы аумағындағы көлік қатынасының маңызды нүктелерінің бірі. Күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталды. Жоба аясында ескі көпір толық бұзылып, 72 дана темірбетон қада қағылды. Ұзындығы 24 метр болатын 27 дана темірбетон плита орнатылды, жаңа қоршаулар мен асфальт жабындысы төселді. Құрылыс кезінде ұзындығы 820 метрлік айналма жол салынды.
Жөндеу жұмыстары Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүргізілді. Бұл көпір тек көлік қозғалысын қамтамасыз ететін нысан ғана емес, ауыл мен қала арасындағы экономикалық, әлеуметтік байланысты нығайтатын, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынасын қамтамасыз ететін маңызды құрылым саналады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.