
2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесуде округ әкімі Болат Сенбеков соңғы кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баяндама жасады.
Ағымдағы жылы округте инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Ауыз су жүйесі жаңартылып, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таба бастады. Сонымен қатар, білім беру саласында да оқушылардың қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау бағыты талқыланды.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су, жарықтандыру, интернет байланысы және білім сапасы бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл мәселелер аудан әкімдігінің бақылауына алынып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Алдағы кезеңде Үшқайықта инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын көбейту, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және білім беру жүйесін нығайту бағытында нақты жоспарлар жүзеге асырылады.
Үшқайық ауылында жайлы мектеп құрылысы аяқталуға жақын
Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округінің Сұлтанбек Қожанов елді мекенінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа білім ұясы пайдалануға беруге жақын. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу жұмыстары мен мектепті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету шаралары қарқынды жүргізілуде.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барып көріп, құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуына назар аударды. Сапар барысында мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігі ескертілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, нысанның айналасын абаттандыру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар атқарылуда. Бүгінгі таңда мектеп аумағында автотұрақ, газ тарту, сумен жабдықтау, интернет желісіне қосу және сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан толықтай орындалды.
Жаңа білім ордасы іске қосылғанда, ауыл оқушылары үшін заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасы қалыптасады. Кеңейтілген сынып бөлмелері, пәндік кабинеттер, кітапхана мен спорт зал заманауи стандарттарға сай жабдықталатын болады. Аудан басшылығы мектептің жаңа оқу жылына дейін толықтай пайдалануға берілуін басты міндет етіп отыр.
Естеріңізде болса, былтыр 13 желтоқсанда Сауран ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында алғашқы мектеп ашылған-ды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Еңбекші диқан ауылында 600 орынға арналған жаңа мектептің тұсауы кесілді.
Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды .
Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталды.
Оқу ордасының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.
Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс бар. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.
Атап өтерлігі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы құны 29 мектептің (22 900 орындық) құрылысы жоспарланған. 2024 жылы 13 мектеп салынса, 2025 жылы 16 мектепті тапсыру көзделген.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Барлық мектеп уақтылы әрі сапалы тапсырылуы тиіс. Басқарма, аудан, қала әкімдері құрылыс барысын тұрақты бақылаңыздар. Мердігерлер жұмысты жауапкершілікпен атқарсын. Екіншіден, бұл мектептерді білікті басшылармен, педагогтармен қамту да өзекті. Қазірден жүйелеп, жұмысты ширатыңыздар», – дегенді үнемі ескертіп отырады.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Тұрханов пен Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымбекованың есептері бойынша, 29 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100 % тартылған (газ, су, электр, байланыс). 22 мектепте кірме жолдар салынған. Қалған 7 мектепте кірме жолдарына ауыр техникалардың жұмыстары аяқталған соң асфальт төсеу жұмыстары атқарылады. Құрылысы аяқталған 13 мектептің тоғызында оқу процесі басталған. 4 мектепте биылғы қыркүйек айында басталады. 2025 жылы тапсырылуы жоспарланған 16 мектептің 11-інде құрылыс жұмыстары 83%-ға орындалған.
Қазіргі таңда 9 жайлы мектепте жалпы 736 педагог жұмыс істеуде. Білім беру ұйымдарына педагогтарды қабылдау туралы қолданыстағы нормаларға сәйкес 23 мектептің директоры тағайындалды. 6 мектеп директоры «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен алынды. 13 мектеп директоры конкурстық тәртіппен, 4 мектеп директоры ауысу тәртібімен тағайындалды. 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сіне директор тағайындалды. 2 мектеп директорының лауазымы конкурс кезеңінде, 2 мектеп директоры ауысу тәртібімен тағайындалады деп күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.