Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі азаматтардың жеке мәселелеріне құлақ түрді

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері тыңдалып, әрқайсысына заң аясында түсіндірме беріліп, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жалпы, қабылдауға төрт тұрғын қатысып, бес мәселе көтерілді. Олар негізінен әлеуметтік қолдау мен тұрғын үй жағдайы, қоғамдық көлікпен қатынау мен кәсібіне кедергі келтіру, коммуналдық қызметтерге байланысты мәселелер мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасына қатысты болды.

Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бірі әлеуметтік көмек пен тұрғын үйіне жөндеу жүргізуге жәрдем сұрады. Қазіргі таңда ол мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдауға ие, ал тұрғын үйдің күрделі жағдайы бойынша демеушілерді тарту арқылы көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылуда. Тағы бір тұрғын қоғамдық тасымал мәселесін көтеріп, ауыл мен қала арасындағы маршруттың қайта ашылуын сұрады. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып, қажетті құжаттар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, аудандағы бір кәсіпкер саябақ аумағында жүргізіп отырған кәсібіне қатысты құқық қорғау органдары тарапынан кедергілер туралы шағымын жеткізді. Аталған мәселе аудандық полиция бөлімі мен жергілікті әкімдік бақылауына алынды. Жалға алынған ғимарат үшін төлем жүргізілмегендігіне қатысты тұрғынның өтініші бойынша тиісті сала басшыларына келісімшарт негізінде мәселені шешу тапсырылды. Инватакси қызметін ұсынушы тарапынан есеп құжаттарының толық болмауы туралы мәселе де көтерілді. Қызмет көрсетуші тарапқа тиісті ескерту жасалып, техникалық құжаттарды заңға сәйкес толықтыру қажеттілігі түсіндірілді.

Жеке қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданып, тиісті бөлімдер мен мекемелерге орындалу барысын бақылауда ұстау тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You