
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Бабайқорған ауылдық округіне барып, әлеуметтік маңызы бар екі нысанның – ауылдық клуб пен кітапхана кешені, сондай-ақ Абай елді мекенінде салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен танысты.
Бірінші болып аудан басшысы Бабайқорған ауылында бой көтеріп жатқан клуб және кітапхана ғимаратының құрылысын аралады. Жоба бойынша нысанның жалпы ауданы 860,7 шаршы метрді құрайды. Пайдалануға беру мерзімі 2025 жылдың қыркүйек айында деп жоспарланған. Құрылысты «DAT Construction» ЖШС жүзеге асыруда, ал техникалық және авторлық қадағалауды тиісті мердігер мекемелер атқаруда. Қазіргі таңда нысанда ішкі қабырғалар қаланып, қабырға өрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Абай елді мекенінде орналасқан 300 орындық мектеп құрылысымен танысты. Бұл нысанның құрылыстың жалпы ауданы – 2 676,82 шаршы метр. Мектеп ғимаратының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. Қазірге дейін жобаға іргетас орнату және арматуралық жұмыстар белсенді атқарылуда.
Нысандарды аралау барысында құрылыс сапасына, жұмыс кестесінің сақталуына және мердігерлердің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға құрылысты белгіленген мерзімде және сапалы түрде аяқтауды тапсырды.
10 мың басқа арналған мал бордақылау кешенінің құрылысы жүріп жатыр
Сауран ауданында ауыл шаруашылығына бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асуда. Бабайқорған ауылдық округіне 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қайта өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда және толық іске қосылғанда өңірдің ет өндіру мен өңдеу саласындағы әлеуетін едәуір арттырмақ.
Жоба жалпы 20 гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде бордақылау алаңы, мал сою, ет өңдеу және сақтау кешені салынады. Жоба құны 3,02 миллиард теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылы басталып, ал толық іске қосу мерзімі 2026 жылдың II жартыжылдығына жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқанда 60-ға жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылмақ. Бұл – тек ет өндірісі емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастама.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Жобаның маңыздылығына тоқталған аудан басшысы бұл кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатынын, сондай-ақ ауданның азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыратынын атап өтті.
Бұл кешен іске қосылған соң, Сауран ауданы ет өнімдерін өзінде өндіріп, қайта өңдеп, дайын күйінде ішкі және сыртқы нарыққа ұсынатын әлеуетті орталыққа айналмақ.
Үкаша ата кесенесі — өңірдің тарихи және рухани маңызға ие орындарының бірі
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Бабайқорған ауылдық округіне барып, ондағы тарихи-мәдени нысан — Үкаша ата кесенесінде болды. Аудан басшысы зиярат орнының қазіргі жағдайымен танысып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын бақылаудан өткізді.
Үкаша ата кесенесі — өңірдің тарихи және рухани маңызға ие орындарының бірі. Жыл сайын бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес елдерден де мыңдаған турист пен зияратшылар келеді. Осыған орай, аудан әкімі кесене аумағындағы инфрақұрылым, абаттандыру, санитарлық тазалық және келушілерге жасалған қолайлылық жағдайларын жеке назарға алды.
Кесене маңын аралау барысында Мақсат Таңғатаров жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қызмет сапасын арттыру мен тарихи нысанның тазалығы мен сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, зияратшыларға арналған жол белгілері, тұрақ орны, көлеңкелі демалыс орындары мен ақпараттық тақтайшалар орнату мәселелері де көтерілді.
Аудан басшысы аталған нысанның тек рухани ғана емес, туристік әлеуеті жоғары мекен екенін атап өтіп, алдағы уақытта Үкаша ата кесенесі айналасын абаттандыру және қызмет сапасын арттыру бағытында нақты шаралар жүзеге асатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
