
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров әуелі Бабайқорған ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында округ әкімі Жасұлан Мыңтаев 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.
Ауылдық округтің бюджеті 112,6 миллион теңге көлемінде бекітіліп, оның 48,5 миллион теңгесі 5 айда игерілді. Салықтық түсімдер жоспары 222%-ға артық орындалып, 12,3 миллион теңге өндірілді. Мал шаруашылығында 4050 ірі қара, 33 356 ұсақ мал, 2067 жылқы тіркелсе, ауыл шаруашылығы мақсатында 2220 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында 15 аялдама абаттандырылып, тротуарлар төселді, балалар және спорт алаңшалары орнатылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты нақты қадамдар күтілетіні айтылды. Жиын қорытындысында аудан әкімі мен ауыл әкімі тұрғындар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы жұмыс жоспарларына енгізетінін атап өтті.
Мұнан соң 2025 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов жылдың негізгі нәтижелері мен атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп берді.
Бердалы Баймұратов өз сөзінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер мен тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынған бастамаларды баяндады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына 1,8 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, жаңбырлатып суғару технологиялары енгізілді, техникалар жаңартылды. Салықтық түсімдер жоспардан асыра орындалып, 51 отбасыға әлеуметтік және демеушілік көмек көрсетілді. Қосмезгіл, Шорнақ, Аша елді мекендерінде тас төсеу мен жарықтандыру, спорт және ойын алаңдарын жөндеу, көшет отырғызу мен санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, округ бойынша 374 жас әскер қатарына шақырылып, олардың бір бөлігі әскери борышын өтеуге аттанды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров округтің жетістіктеріне оң бағасын беріп, алдағы уақытта да тұрғындар өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, аудан басшысы оларды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.