
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына қатысты өзекті үш мәселе қаралды.
Алғашқы болып Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Дилмурад Нұржанов әскерге шақыру бойынша көктемгі науқанның қорытындысы мен жоспардың орындалуы туралы баяндады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі «Д» және «Е» санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетуде мемлекеттік көмектер мен жобалардың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Осы орайда атап өтер жайт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 221,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданыпты. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 116,9 мың адам пайдаланған.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 миллион азаматы немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.
Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; Бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Келесі болып ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бектөре Қуандықұлы Ешжан сөз алып, облыс әкімі бекіткен үш жақты келісімнің алты айлық жоспардан шығуы бойынша орындалуы жайында баяндама жасады. Ол агроөнеркәсіп кешені бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуы мен кейбір бағыттардағы кідірістерге тоқталып, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров баяндалған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін әр бөлім өз жұмысын жүйелі, нақты көрсеткіштерге негізделе отырып жүргізуі тиіс. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы саласындағы келісімдер бойынша жұмыстарды уақытында орындау және әскерге шақыру жұмыстары — басты назарда болуы керек. Ешбір бағыт бақылаусыз қалмауы тиіс. Әрбір тапсырма – нақты нәтиже беруі керек», – деді аудан әкімі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.