Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі Молда Мұса мектебінің соңғы қоңырау салтанатына қатысты

Бүгін Сауран ауданындағы барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылып, мыңдаған түлек жаңа өмірге қадам басты. Айрықша күнге орай аудан әкімі Шаға ауылдық округінде орналасқан Молда Мұса мектебінің соңғы қоңырау іс-шарасына арнайы қатысып, мектеп ұжымын, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.

Салтанатты жиында аудан басшысы оқу жылының қорытындыларына тоқталып, білім саласындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Биыл аудан бойынша 44 мемлекеттік және 18 жекеменшік мектепті 1684 оқушы — 11-сыныпты, 2089 оқушы 9-сыныпты аяқтағанын айтып, бұл көрсеткіш – ұстаздар мен ата-аналардың жүйелі еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздер – еліміздің болашағы, туған жеріміздің тірегі боласыздар. Туған ауылыңызды, мектебіңізді ұмытпай, қай жерде жүрсеңіздер де елге адал қызмет етесіздер деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деп, түлектерге ақ жол тіледі.

Шара барысында оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, мектеп ұжымы мен ата-аналар жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, үздік оқушылар мен ұстаздарға аудан әкімінің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Атап өтер мәселе, Молда Мұса мектебі соңғы жылдары материалдық-техникалық жағынан айтарлықтай жаңарып, жаңа оқу кабинеттері мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл – білім сапасын арттырудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Салтанатты шара мектеп ауласында түлектердің естелік вальсімен және соңғы қоңыраудың сыңғырлы үнімен қорытындыланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You