Түркістан облысы: Сауран ауданының Бабайқорған ауылында шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр

Жаз мезгілінің басталуымен қабаттаса шомылу маусымы ашылды. Осыған байланысты Бабайқорған ауылдық округінде су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

Ауыл аумағындағы су қоймалары, каналдар мен өзен-көлдердің маңайы толықтай тексеруден өтті. Қазіргі таңда жауапты мекемелер мен тиісті қызметтердің қатысуымен шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған аймақтар анықталып, арнайы ескерту белгілері орнатылып жатыр.

Сонымен қатар, округ аумағында рейдтік шаралар жүргізілді, оның барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ескерту жұмыстары жүргізілді. Белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтыны хақында және балаларды қараусыз қалдырудың салдары туралы нақты нұсқаулықтар берілді. Ауыл әкімдігі мен Төтенше жағдайлар бөлімі ата-аналар мен тұрғындарды ерекше жауапкершілікке шақырады. Балаларды суға жалғыз жібермеу, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау және үрлемелі құралдарды пайдалануда сақ болу – әр азаматтың міндеті.

Су айдындарында тәртіпті сақтамау салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.

Сақтық – қауіпсіздік негізі! Су – сергектік пен демалыстың көзі болғанымен, қауіпсіздік ережелерін елемеу адам өміріне қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан әр тұрғыннан тәртіп пен жауапкершілік талап етіледі.

Осы тұста еске салар жайт, Түркістан облысында биыл жаз маусымында 70-ке жуық ашық жағажай ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

Оразгелді Дүйсеннің айтуынша, өңірде шомылу маусымы басталмай жатып, суға кету оқиғалары көбейген. Жыл басынан бері облыс аумағында 30 адам суға батып, тілсіз жаудың құрбанына айналған. Оның ішінде 13-і – жас балалар.

«Облыстағы басты проблемалардың бірі – арнайы шомылу орындарының жетіспеушілігі. Мәселен, өткен жылы тек 14 жағажай ғана жұмыс істеді. Бұл 2 миллионнан аса тұрғыны бар өңір үшін тым аз. Сол себепті облыс әкімінің тапсырмасымен биыл 70-ке жуық жағажай ашу көзделіп отыр», – деді маман.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының сөзінше, өңірде аквапарк салу мәселесі де қарастырылуда. Бұл, бір жағынан, халыққа қауіпсіз демалыс ұсынса, екінші жағынан, стихиялық шомылу орындарын азайтуға ықпал етпек.

Оның айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі – шамамен 45 пайызы – каналдар мен арықтарда орын алады. Осыған байланысты жыл басынан бері облыс аумағында 742 рейд жүргізіліп, қауіпсіздік ережелерін бұзған 53 азаматқа жалпы сомасы 730 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

ТЖД өкілдері тұрғындарды суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, тек рұқсат етілген орындарда шомылу және ішімдік ішіп суға түспеу сынды қарапайым ережелерді сақтау маңызды екенін ескертті.

Жаңа жағажайлардың нақты қайда ашылатыны әзірге нақтыланған жоқ. Алайда ТЖ департаменті мен жергілікті әкімдіктер бұл бағытта жұмыстарды бастап кеткенін мәлімдеді.

Иә, 2025 жылдың 1 маусымында елімізде шомылу маусымы басталады. Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ТЖМ қызметкерлері белсенді профилактикалық жұмыс жүргізуде. Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады.

Мысалы, Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мәліметі бойынша, қазіргі уақытта республикада суға түсуге рұқсат етілген 700 орын бар.

Еліміздің су айдындарында суға шомылуға болмайтыны және тыйым салынғаны туралы «Шомылуға тыйым салынады» деген 6784 ескерту белгісі орнатылды. Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу орындары туралы деректер «2GIS» платформасында орналастырылған.

«ТЖМ шомылу маусымы басталғанға дейін ІІМ қызметкерлерімен бірлесіп 26 мыңнан астам патрульдеу мен рейд жүргізді. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заң талаптарын бұзған 451 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды» – дейді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері.

Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген және жабдықталмаған су көздерінде болады. Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс.

Еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болу фактілерін болдырмау және азайту мақсатында ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.

Олардың негізгілері:

  •  тек рұқсат етілген (жабдықталған) жерлерде шомылыңыз;
  •  суға шомылуға тыйым салынған жерлерге суға түсуге қатаң тыйым салынады;
  •  су маңындағы демалыста алкогольді, есірткі заттарын пайдаланбаңыз;
  •  буйкалардан асып жүзбеңіз;
  •  жартастардан, шатқалдардан және осы мақсаттарға арналмаған басқа жерлерден суға секірмеңіз;
  •  су көліктеріне жақын жүзуге болмайды;
  •  дабыл туралы жалған дыбыстар шығармаңыз;
  •  ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

«Барлық азаматтарды өз өмірлері мен жақындарының өміріне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Жоғарыда аталған ережелерді қатаң сақтаңыз» – деп ескертеді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жауаптылары.

Сөз соңында айтарымыз, Түркістан облысында жаз мезгілдерінде шомылуға рұқсат етілген су айдындарының саны екі есе артты. Түркістан облысы әкiмі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердің санын арттыруды, сондай-ақ сол аумақтарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда шомылу маусымына рұқсат етілген су объектілерінің саны 49-ға жетті.
Мамандар суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тұрғындар мен қонақтарды тек рұқсат етілген, қауіпсіз су айдындарында демалуға шақырады.
Айта кетейік, өңірде құзырлы мекемелер тарапынан су айдындарында рейд жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 657 рет рейд жүргізіліп, нәтижесінде судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 32 жеке тұлғаға 440 384 теңге айыппұл салынған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You