
Алдымен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекенінде орналасқан Ж.Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес республика көлемінде мектептерді жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Жобаны жүзеге асыру жауапкершілігі мердігер мекемеге жүктелген. Қазіргі таңда мектептің шатырын, терезелері мен есіктерін ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу, инженерлік жүйелерді жаңарту сынды жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілу үстінде. Аудан әкімі құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысын көзбен көріп, мердігер мекеме өкілдеріне сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Бұдан бөлек Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне қарасты Нұртас ауылындағы Аманкелді атындағы жалпы білім беретін мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
1988 жылы салынған бұл білім ұясының жобалық қуаттылығы 624 оқушыға арналған. Қазіргі таңда 363 оқушы білім алып жүра. 2025 жылға қаржыландырылған жоба аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандағы демонтаж жұмыстары, қабырғалар мен төбелерді сылау 95%-ға аяқталған. 3 қабаттағы еденнің 30%-ына жабын төселген. Электр жүйелерінің 60%-ы жүргізіліп, сырқы әрлеу жұмыстары 90%-ға орындалған. Терезелер толық орнатылған.
Аудан әкімі құрылыс сапасын, мерзімдік жоспарды және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. «Оқушылар үшін қауіпсіз әрі сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Мектеп құрылысындағы әрбір кезеңнің сапасы мен мерзімінде орындалуы – қатаң бақылауымда. Жауапты мердігерлер сапаға аса мән беруі тиіс», – деді.
Сонымен қатар Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барып, Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектептің бұрынғы ғимаратын аралап көрді.
Аталған білім ұжымы «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңадан салынған мектепке көшкен.
Босаған бұрынғы ғимараттың қазіргі жағдайымен танысқан аудан әкімі нысанды тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды.Сонымен қатар, өңірдегі кітапхана жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Ауыл тұрғындарына қолжетімді мәдени орта қалыптастыру мақсатында жергілікті кітапханаларды жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі қаралды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров нысандарды аралау барысында:
«Пайдаланылмай тұрған әрбір ғимарат – аудан үшін ресурс. Бұл нысанды да ел игілігіне жаратуымыз қажет. Жергілікті кітапханалар мен үйірмелерді осы ғимаратқа көшіруді, барлық талапқа сай жағдай жасауды тапсырамын», – деді. Аудан басшысы тиісті сала басшыларына ғимараттың техникалық жағдайын зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
