
ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында апталық өтіп жатыр. Шара аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын еске алуға арналған «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Шараға арнайы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және зиялы қауым өкілдері қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі, өнер жолы және ұлттық музыкадағы орны туралы пікір алмасты, құнды естеліктерімен бөлісті. Шараның сәнін кіргізген филармония әншілері композитордың ең үздік әндерін орындады. Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы «Шәмші» деректі фильмінің режиссері Ахмет Мүсілімұлына «Шәмші Қалдаяқов» атындағы мерекелік медальді табыстады.
Іс-шара барысында композитордың шығармашылық мұрасына арналған «Өнері өрге шалқыған орда» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы, музыкалық мұрасы және өнер ордасының қалыптасуына қосқан үлесі кеңінен қамтылған. Тұсаукесерде шығарма мазмұны таныстырылып, оның рухани және мәдени маңызы атап өтілді.
Еске салайық, ҚР Мемлекеттік Әнұранның авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен апталық 25-28 қараша күндері аралығына жоспарланған. Апталық аясында 25 қараша күні «Өнері өрге шалқыған орда» атты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы туралы жинақтың тұсауын кесу жоспарланған болатын. 26 қараша күні «Ақжайық» музыка мектебінің өнер шәкірттері мен филармония әртістерінің «Шәмші» ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімі және мерекелік концерті өтті. 27 қараша күні Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын еске алуға арналған зиялы қауым өкілдерімен «дөңгелек үстел» болды. 28 қараша күні Отырар ауданы Шәмші ауылындағы «Шәмші» мұражайымен танысу және ән-падишасының таңдаулы әндерінен концерт өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, апталықтың қорытынды «Ән аға – Жан аға» атты гала-концерті 24 желтоқсан күні сағат 19:00-де Түркістан шаһарындағы «Конгресс холл» кешенінде өтеді.
Иә, қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған сазгер, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық жолында 300-ге жуық ән жазды. 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын иеленсе, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» атағы берілді.
1950 жылдан бастап шығармашылықпен айналысқан Шәмшінің әндері елге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген шексіз сүйіспеншілікке толы болды. Әндеріне Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындар өлең жазды. Қазақтың кең даласын жырға қосқан «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» сынды әндері халық жүрегінен орын алды. Ал шаттыққа толы «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» шығармалары 60–70 жылдары сазгердің танымалдылығын тіпті арттырды. Шәмшінің әндері әлі күнге дейін халықтың жадында сақталып, шырқалып келеді.
Мәселен, тәуелсіз Қазақстанның әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні. Әдетте вальс ырғағында ән жазатын Шәмші үшін марш стиліндегі патриоттық ән жазу оңайға соқпады. Дегенмен ел басына туған қиын шақта өз шабыты мен азаматтық ұстанымын бір арнаға тоғыстырып, халықтың рухын көтеретін шығарма тудырды.
Сол жылдары КСРО басшысы Никита Хрущевтің қазақ халқына деген кереғар саясаты шегіне жетіп, еліміздің солтүстік облыстарын бөліп алып, «Целинный край» деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл хабар ел ішінде үлкен наразылық туғызды. Дәл осындай күрделі кезеңде жас композитор Шәмші Қалдаяқов өзінің консерваториядағы досы, дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденовке «Менің Қазақстаным» әніне сөз жазуды ұсынады.
Бұл жөнінде Шәмші бір естелігінде: «1956 жылдары «Менің Қазақстаным» әнін жазбасқа болмады. Солтүстіктегі бес облысымызды «Целинный край» деп бөлгісі келді. Халық у-шу, көтерілейін деп қалды. Осы оқиғаға байланысты мен ұран ән жазуға бекіндім. Музыкасын жазып, Жұмекенге сөзін жаз деп ұсыныс жасадым. Ол бірден келісті. Ән дайын болғанда, оны Жамал Омароваға бердік. Ол кісі бірден ұнатып, радиоға жаздырды. Аптасына екі рет, тіпті күн сайын бір-екі мәрте эфирден беріліп тұрды. Қазақ жері бөлшектелгелі жатқанда, оның тұтастығын жырлайтын ән қажеттігін сезіндім», – деген.
Осылайша, халықтың жүрегіне жол тапқан «Менің Қазақстаным» елдік пен бірліктің символына айналды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында жастар осы әнді алаңда асқақтата шырқады. Ал 2006 жылы туынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
Бүгінде қазақ вальсінің короліне деген құрмет ел ішінде ерекше. Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқов атында филармония, мектептер мен көшелер бар. 2017 жылы «Хабар» арнасы сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ән аға» атты телесериал түсірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
