![]()
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған ауқымды сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, даңқты спортшылар, ауданға қарасты «Қазтелеком», «Қазпошта», аурухана, ГЭС, СЭС, РЭС, ПЭС, «ҚазТрансГаз», «Халық банк» ұжымдары және 10 ауыл округінен жалпы саны 6000-нан астам тұрғын белсене қатысты.
Сенбілік барысында 1000 түп көшет егіліп, облыстық маңызы бар 147 шақырым тас жол бойы, қала мен ауыл ішіндегі көшелер кең көлемде тазартылды. Жұмыстарға 23 арнайы техника жұмылдырылып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау бағытында жүйелі әрі нәтижелі шаралар жүзеге асырылды.
Бұл игі бастама – табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген шынайы қамқорлықтың айқын көрінісі. Бірлік пен ынтымақтың арқасында ауданымыздың келбеті көркейіп, экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.
Сонымен бірге Қазығұрт ауданында да халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аталмыш экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 10 000 адам жұмылдырылды. Акция барысында Қазығұрт ауыл округіндегі «Орталық саябақта» және Сарапхана ауыл округіндегі «Мәңгілік Ел» саябағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 20 арнайы техника тартылып, 1 000 гектардан астам аумақ қамтылды. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.
Іс-шара аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстары барысымен танысты. Сонымен қатар, 1000 ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақта ұйымдастырылған суретшілер көрмесін тамашалады және тазалық жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Бұдан кейін аудан басшысы Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы тазалық және абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Экологиялық акция тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, марафонмен жалғасын тапты. Аудан тұрғындары салауатты өмір салтын насихаттап, ерекше серпінмен жүгіріп өтті. Сонымен қатар, көрме алаңында экологиялық бастамалар мен шығармашылық жұмыстар ұсынылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Бұл күн тазалықтың ғана емес, бірлік пен белсенділіктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісіне айналды.
Естеріңізде болса, бүгін Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтіп, «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылды. Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткен акцияға қатысушылар арнайы орнатылған LED экран алдына жиналып, телекөпір арқылы Мемлекет басшысымен тікелей байланысқа шықты. Онлайн кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» эко-волентері Айда Орынбасарқызы сөз сөйледі. Облыс әкімі өңір тұрғындары «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте елімізде ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Былтыр республика бойынша 1200-ге жуық экологиялық іс-шара өтті, 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылды, шамамен 4 миллионға жуық тал егілді.
– Игі бастамаға 800 мыңға жуық волонтер қатысты. Қазір әлемде қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруіне байланысты көптеген сын-қатер пайда болды. Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Халықаралық қауымдастық табиғатты қорғау мәселесіне баса мән беріп отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты бастамалар көтеріп келеді. Кеше Астанада Біріккен Ұлттар ұйымының аясында ұйымдастырылған Өңірлік экологиялық саммит аяқталды. Осы ауқымды форум шеңберінде эковолонтерлікке, ресурстарды үнемдеу мәселелеріне арналған маңызды іс-шаралар өтті. Бұған дейін де айтқанымдай, әлемде ешқандай ел экология мәселесін жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл аса күрделі, жауапты жұмыс, сондықтан осы бағытта дипломатиялық күш-жігерді, ғылымды, бизнесті, қоғамды, волонтерлерді, бір сөзбен айтқанда, мақсаткер жастарды жұмылдыру қажет. Өйткені патриот жастар әрдайым өзгерістердің көш басында жүреді. Сіздердің тарихи миссияларыңыз – елімізді жоғары технологиялар мен өнер, ғылым және гуманистік құндылықтар салаларында мейлінше дамыған мемлекеттер қатарына қосу, – деді Мемлекет басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
