
2025 жылғы 24 мамырда Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылдық округіндегі “Сырдария” жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері өздерінің 20 жылдық мерейтойы аясында қайырымдылық шарасын өткізді. Олар ауыл тұрғыны Бақтыбай Құрбановқа үш бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты.
Сауапты әрі салтанатты іс-шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қатысып, баспаналы болған отбасыны құттықтап, игі іске мұрындық болған түлектерге аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
– Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары мен қадірлі түлектер! Сіздердің бірлікпен, ынтымақпен атқарған игі істеріңіздің нәтижесінде бір отбасы шаттыққа бөленіп отыр. Осындай азаматтық әрекеттер елдің берекесін арттырады. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін, – деді Б.Төребеков.
Шара барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар мен ауыл биі Бауыржан Төлегенов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ баталарын берді.
Ал 2025 жылғы 23 мамырда Шардара қаласына қарасты Өтеғұл елді мекенінде ерекше әрі игі шара өтті. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері (1987-1988 жылдары туғандар) өздерінің мектепті аяқтағандарына 20 жыл толуына орай, ауыл тұрғынына 4 бөлмелі тұрғын үй сыйға тартты.
Әлеуметтік жауапкершілікті жете түсінген түлектердің бұл бастамасы ел арасында кең қолдау тауып, көптің алғысына бөленді. Қайырымдылық шарасы салтанатты жағдайда өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты, ауыл биі Б. Раймұханов, мектеп директоры Қ. Садықбеков, ардагер ұстаз М. Әділхандар арнайы қатысып, баспаналы болған отбасын құттықтады және игі іске мұрындық болған түлектерге ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, ауыл белсендісі А. Ходжаназарова мен Текебаев Балтабай ақсақал жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ баталарын берді.
Бұл бастама тек ауыл тұрғындарына ғана емес, барша қоғамға үлгі боларлық іс ретінде бағаланып отыр.
Мұнан өзге 2025 жылғы 25 мамырда Шардара ауданына қарасты Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері (1988 жылы туғандар) өздерінің 20 жылдық мерейтойы аясында қайырымдылық шарасын өткізді. Олар ауыл тұрғыны Анарбек Айжановқа жеті бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты.
Сауапты әрі салтанатты шараға Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Аманғани Алтынбеков арнайы қатысып, баспаналы болған отбасыны құттықтап, игі іске мұрындық болған түлектерді құттықтап және де аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Шара барысында ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тәжібай Мырзакелдиев және ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Тағабай Сүлеевтер жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ баталарын берді.
Баспана демекші, Түркістан қаласында биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 4 үйдің құрылысы аяқталып, 348 пәтер өз иесін тапты. Бұдан бөлек, несие жүйесімен 2025 жылы жалпы 2 082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
«Бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 17 058. Оның 6 487-сі әлсіз топ мүшелері болса, 5 185-і – көпбалалы отбасылар, 181-і – тұл жетім санатындағылар. Сондай-ақ, 5 203 отбасы бюджет есебінен баспаналы болуға кезекте тұрса, 2 үй апатты жағдайда деп танылуына байланысты жаңа үй алу кезегіне тіркелген. Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендiру туралы қағидаларына да бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бірнеше санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын баспаналарды өз меншігіне өтеусіз алуға мүмкіндік алып отыр», — дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында «Отбасы банк» арқылы кредиттік жүйемен 2025 жылы жалпы 2082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев айтты. Аталған тұрғын үйлерге өтініштер үй кезекте Түркістан облысы бойынша тұрған Банк салымшыларынан қабылданады. Қазіргі таңда аталған банк арқылы 1 016 пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгеден болса, 1 066 пәтердің шаршы метрі 220 мың теңгеге бағаланып отыр.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтарға бюджет есебінен 16 925 (9308 – арендалық, 7617 – кредиттік) пәтер пайдалануға берілді. 2024 жылы 47,8 миллиард теңгеге 2590 арендалық пәтер (245 үй, 170,1 мың шаршы метр) сатып алынған. Облысқа 2025 жылы 578 арендалық пәтер сатып алуға 7,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.