Түркістан облысы: Созақ ауданында үздік және жас мемлекеттік қызметшілер мен ата-аналарына құрмет көрсетілді

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков «23 маусым — Мемлекеттік қызметші күні» мерекесіне орай үздік мемлекеттік қызметшілер мен жас мемлекеттік қызметшілердің ата-аналарын қабылдады. Мерекемен құттықтап, қоғам алдындағы абыройлы еңбегін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің маңызына тоқталып, халық сенімін арттыру мен еліміздің дамуына үлес қосуда әрбір мемлекеттік қызметшінің рөлі зор екенін жеткізді.

Іс-шара барысында әр сала бойынша үздік деп танылған мемлекеттік қызметшілер мен жас мемлекеттік қызметшінің ата-аналарына Түркістан облысы әкімінің алғыс хаты мен Грамотасын және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы мен аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етіп, құрмет көрсетті.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 151 мемлекеттік қызметші еңбек атқарып келеді.

Сондай-ақ Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков мемлекеттік қызметшілер мен сала ардагерлерін мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесімен құттықтаймын!

Мемлекеттік қызмет – халыққа қалтқысыз қызмет ету, еліміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы аса жауапты әрі абыройлы міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Халықтың сенімі мен мемлекеттің тұрақтылығы мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен адалдығына тікелей байланысты».

Сіздердің әрқайсыңыз мемлекет мүддесін жоғары қойып, әділдік пен адалдық қағидаттарын берік ұстана отырып еңбек етудесіздер. Осы ретте мемлекеттік қызметтің қалыптасуына өмірлік тәжірибесімен үлес қосқан сала ардагерлерінің де еңбегі ерекше бағалы.

Құрметті әріптестер!

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің игілігі жолындағы қызметтеріңізге тек сәттілік тілеймін!» — деді ол.

Орайы келгенде айта өтейік, бүгін мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚТО бойынша филиалы Созақ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында аудан тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласы бойынша қоғамдық қабылдау өтті.

Аталған шараға Созақ ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлім қызметкерлері қатыстырылды.

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының мемлекеттен дипломмен ауылға бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алу, құрылыс және сәулет құжаттарын дайындау, жер құжаттарын заңдастыру алу және әлеуметтік көмектерді алу, тұрғын үй алу және тұрғын үй кезегіне байланысты сияқты өзекті сұрақтарына тиісті сала мамандарымен жауаптар берілді.

Тағы бір қоса кетер ақпарат, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ауданда мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық сайыс аясында қатысушылар қол күрес, футбол, үстел теннисі және гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынасты.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Жарысқа аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелер, ауылдық округтерден құралған командалар қатысты. Спартакиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген спортшылар диплом, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You