
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков 2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз жиынында аудан басшысы инфрақұрылым, құрылыс, ауыз су, спорт, денсаулық сақтау және өзге де маңызды салалардағы жұмыстарды кеңінен баяндап, әр бағытқа жеке-жеке тоқталды. Нақты жобалар, көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға ашық әрі нақты жауап берген аудан басшысы ауданның даму барысын, шешімін күткен мәселелерді және олардың шешу жолдарын да тілге тиек етті.
Бұдан бөлек Созақ ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Іс-шара барысында халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, нақты ақпараттарға қанықты.
Баспасөз турының алғашқы бағыты – Шолаққорған ауылындағы «Жасыл белдеу» аумағынан басталды. Одан кейін журналистер аудан орталығында бой көтеріп жатқан заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Бұл кешен халықаралық талаптарға сай жабдықталып, болашақта ел ішіндегі және халықаралық жарыстарды қабылдай алатын орталыққа айналмақ.
Сонымен қатар, «Достар» стадионында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары, коммуналдық саладағы жаңа техникалар, абаттандыру жобалары және «Жанболат» шаруа қожалығындағы жаңбырлатып суару жүйесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Биылдың өзінде 197 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, оның негізгі бөлігі жаңбырлатып суаруға негізделген.
БАҚ өкілдері сондай-ақ жаңа кітапхана ғимаратының, көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты. Жаңа үлгідегі Жеткіншек мөлтек ауданындағы 92 пәтерлі үйлер – тұрғын үймен қамту ісіндегі үлкен ілгерілеуді көрсетеді.
Баспасөз туры аясында журналистер бірнеше топқа бөлініп, Созақ, Құмкент және Жартытөбе ауылдарына сапарлады. Мұнда олар жаңа спорт алаңдары, әкімшілік ғимараттар, ауыз су жүйелері, сондай-ақ облыстық маңызы бар жол жөндеу жобаларының барысымен танысты. Атап айтқанда, КХ-110 «Мардан-Қызмолдақ-Сызған» бағытындағы 13,3 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи талаптарға сай асфальт төселген.
Осы орайда қоса кетер жайт, бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қарақұр ауылдық округіне арнайы барып, ауылішілік жолдарды жөндеу барысын тексерді. Қазіргі таңда Қарақұр ауылында жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын Наурыз, Наурыз-1 және Абай көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін округке қарасты Шаға елді мекенінің орталық көшесіне – 2,150 шақырым, ал Раң елді мекенінің орталық көшесіне 1,500 шақырым асфальт жабындысы төселген.
Аудан басшысы ауыл көшелерін аралау барысында жүзеге асып жатқан өзге де жобаларға назар аударып, жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындау керектігін ескертті. Сонымен қатар, жауапты мамандарға салғырттыққа жол берілмеуін қатаң тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.