Түркістан облысы: Созақ ауданында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды

Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Аудан билігі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты, Түркістан облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясы аудандық филиалының, аудандық орталық аурухана басшылығы мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлерге «Үздік медицина маманы» және «Мейірімді медбике» төсбелгілері тапсырылды.

Жиын барысында аудандық орталық аурухананың және ауылдық емдеу мекемелерінің үздік дәрігерлері мен медбикелері, кіші буын қызметкерлері, техникалық қызметкерлері де марапатқа ие болды. Марапат иелерінің қатарында балалар дәрігерлері, терапевттер, гинекологтар, хирургтар, реаниматологтар, зертханашылар, медбикелер және басқа да сала қызметкерлері бар.

Мерекелік іс-шара барысында аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, әсем әндер орындалды.

Еске салайық, елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Бұл мереке 1998 жылдан бері Президент бекіткен жарлық бойынша жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі орасан зор. Қазір ұлттық медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Жетістіктеріміз аз емес. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, яғни, көптеген емхана мен аурухана салынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді. Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр.

Елімізде медициналық туризм қарқынды түрде дамып келеді. Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Бұл еліміздегі дәрігерлік көмектің сапасы жоғары екенін көрсетеді.

Бүгінде көптеген ауруханаларымыз халықаралық аккредиттеуден өткен. Нейрохирургия мен Кардиохирургия ұлттық орталықтары әлемдік клиникалар деңгейінде жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетеді. Қазақстандық дәрігерлер жүрекке жыл сайын мыңдаған ашық операция жасайды. Емделушілердің қатарында тіпті, жаңа туған нәрестелер де бар. Елімізде органдарды трансплантациялау ісі жоспарлы түрде дамып келеді. Жуырда жүрек ауыстыруға арналған жүзінші ота сәтті өтті. Биыл алғаш рет бір мезетте үш адамға үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Өздеріне сәйкес келетін органдарды алу үшін пациенттер бір-біріне донор болды. Мұндай күрделі операциялар дүние жүзінде алты елде ғана жасалады. Онкологиялық ауруларды емдеуге сәуле терапиясының озық әдістері қолданылып жатыр. Былтырдан бері елімізде мүлде жаңа бағыт – фетальді медицина дами бастады. Яғни, бұл – ана құрсағындағы шаранаға операция жасау деген сөз. Мұндай бірегей медициналық көмек көптеген баланың дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік сыйлайды. Сирек кездесетін сырқаты бар адамдарды емдеу мен денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттің алдында мұндай науқастарды шетелдік қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді күрделі міндет тұр. Осы орайда «Қазақстан халқына» қоры үлкен қолдау көрсетіп отыр.

Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы екі есеге жуық өсті. Медицина кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің шәкіртақысы көбейді. Жас мамандардың білікті дәрігерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалуда. Жалпы, денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Биыл оның көлемі 2,6 триллион теңгеге жетті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You