
Бүгін аудан орталығындағы “Ту тұғыры” алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. Рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, тәуелсіз ел екенімізді танытатын қасиетті нышандар. Көк туымыз – бейбітшілік пен бірліктің, елдігіміз бен егемендігіміздің символы. Әрбір азамат оны қастерлеп, мақтан тұтуы тиіс. Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер!
Сіздерді елдік пен егемендікті айшықтайтын мереке – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын.
Тарих үшін қас-қағым сәт болып көрінетін 1992 жылдың 4 маусымы – егемен еліміздің жадына алтын әріптермен жазылған күн. Бұл күні Қазақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде қабылданып, тұғырына қонды. Бұл – біздің тәуелсіздігімізді әлемге әйгілеген сәт, елдігіміздің тұңғыш нышандарының бекітілген күні.
Қазақ халқы ежелден еркіндік пен елдікті, бірлік пен ынтымақты ту еткен халық. Сол ата-бабалар армандаған азаттықтың символы – бүгінгі Мемлекеттік рәміздеріміз.
Қадірменді жерлестер!
Мемлекеттік рәміздер – тек белгілер ғана емес, олар – ел тағдырымен біте қайнасқан, ұлттың рухын қалыптастыратын құндылықтар. Әрбір қазақстандық азамат, мейлі ол бала болсын, мейлі ересек болсын, осы рәміздерге ерекше құрметпен қарауы тиіс. Өйткені олар біздің ортақ тағдырымыздың, берік болашағымыздың кепілі. Мемлекеттік рәміздеріміз мәңгілік болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» — деді ол.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жүрекжарды лебізін білдіріп, Мемлекеттік рәміздердің тарихи маңызы мен қадір-қасиетіне тоқталды.
Шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ардагерлер, жастар және ауыл тұрғындары қатысты. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мерекеге ерекше рух берді.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы — Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.