Түркістан облысы: Созақ ауданында нашақорлыққа қарсы бір айлық акция өз жұмысын бастады

Созақ ауданында жастар арасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында жоспарланған бір айлық іс-шаралар легі өз бастауын алды.

Ауқымды шара Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет сарайынан басталып, аудан жастары мен медицина қызметкерлері, спортшылар және түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Нашақорлық пен синтетикалық есірткіге жол жоқ!» деген ұранмен шеру ұйымдастырылды. Шерушілер аудан әкімдігі ғимаратына дейін жүріп өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы сөз сөйлеп, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол басталған бір айлық іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың жастарды нашақорлықтың зиянынан қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Нұрланұлы жастар арасында есірткіге қарсы күресті күшейтудің маңызын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.

Шара барысында белбеу күресінен әлем кубогының чемпионы, спорт шебері, Созақ спорт клубы КММ-нің әдіскері әрі қазақ күресінен жаттықтырушы жастарды спортқа баулуға үндеп, есірткісіз қоғам құру – әр азаматтың борышы екенін ерекше атап өтті.

Жиын соңында ауданның белсенді жастары «Нашақорлыққа жол жоқ» деген ұран жазылған әуе шарын көкке ұшырды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады.

 «ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You