
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен Шу өзені суына қатысты лездемелік жиын өтті. Жиынға салаға жауапты мамандар мен Шу өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиын барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Шу өзені арқылы ауданға жылына 200 миллион текше метр көлемінде экологиялық мақсатта су өткізу мәселесіне тоқталды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабынан бастау алатын «Фурманов» айналма каналын механикалық тазалау мәселесі жан-жақты талқыланды. 120 шақырымдық канал арқылы су өткізу тиімділігін арттыру мен жұмыс барысын қатаң бақылау, қажетті техника мен жабдықтарды толықтыру мәселелері сөз болды. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталатыны айтылды. Аудан басшысы бұл жұмыстарды үйлестіріп, жүйелі жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, «Фурманов» каналының су өткізу қабілеті – 45 текше метр/секунд. Ол Мойынқұм ауданының Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының аумағы арқылы өтеді. Бұған дейін айналма каналдың жағдайын қалпына келтіру мақсатында қажетті жұмыс көлемін анықтау бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар су жеткізу процесінің үздіксіз әрі тиімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Еске салайық, Шу – Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Ұзындығы 1186 шақырымды (Қазақстан аумағында — 600 шақырым), су жиналатын алабы 148000 шаршы шақырымды (Қазақстан аумағында — 62500 шаршы шақырым) құрайды. Теріскей Алатауы мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Чүй (Шу) аталады.
Ірілі-ұсақты 80 саласы бар, ірілері (Қазақстанда): Қорағаты, Меркі, Қарабалта, Ақсу, т.б. Теріскей Алатау мен Қырғыз жотасын кесіп өте бере Шу Жоғары Ортотоқой және Төменгі Ортотоқой шатқалдарын қалыптастырған. Соңғысының тұсында Ортотоқой бөгені салынған. Төменде Шу Ыстықкөл қазаншұңқырына шығады. Шу мен Ыстықкөлдің суайрығы айқын емес. 20-шы ғасырдың 50-жылдарында Шу суының бір бөлігі су тасу кезінде Көтемалды тармағы арқылы Ыстықкөлге құйылған. Қазіргі кезде көлмен байланысы жоқ. Қазақстанда Жамбыл облысының Қордай, Шу, Мойынқұм, Сарысу аудандары жерімен ағып өтеді. Өзеннің Қазақстан аумағындағы ұзындығы — 800 шақырым. Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауындағы мұздықтардан басталатын Жуанарық, Қошқар өзендерінің қосылуынан қалыптасып, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы Ащыкөл-Ақжайқын ойысына құяды.
Қазаншұңқырдан шыға бере тағы да бірнеше тар шатқалдар арқылы өтетін аңғары Боом шатқалынан кейін біртіндеп кеңейеді, сағалық аңғары айқын байқалмайды. Қорағаты өзенінен кейінгі саласыз аумағында Шу Мойынқұм құмды алқабына шығады. Одан әрі бірнеше тармақтарға бөлініп, тартыла бастайды. Суы мол кезеңдерде Қаратаудың солтүстік сілемдері етегі мен Бетпақдаланың аралығындағы Ащысу ойысының көлдеріне жетеді. Арнасының ені орта ағысында 50 – 100 метр, төменгі ағысында 40 – 60 метр. Ертеде суы Сырдарияға құйған.
Қар, жаңбыр, жер асты суларымен толығады. Қазақстан жерінде Тасөткел бөгені бар. Бойында егін суару мақсатында Шығыс және Батыс Үлкен Шу, Шу каналы, Сортөбе, Георгиевка, Атбашы, т.б. каналдар, шағын СЭС салынған. Жылдық ағынының 14,8%-ы көктемде, 58,3%-ы жаз-күз айларында, 26,9%-ы қыста байқалады. Шілде-тамыз айларында тасып, желтоқсан – наурызда қатады. Ағыны реттелетіндіктен, су режимі табиғи қалпынан өзгеріп кеткен. Көп жылдық орташа су ағымы Амангелді ауылы тұсында — 77 м3/с. Алабындағы 60 мың гектардан астам егістікті суаруға Шу өзені суының 55%-ы пайдаланылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.