
Дәлірек айтсақ, Тасты ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тағы бір игі іс жүзеге асты. Ауыл азаматы, белгілі кәсіпкер Махат Төрәлінің демеушілігімен салынған «BELES» спорт кешені ел игілігіне берілді.
Жаңа спорт нысанында бокс залы, күрес залы және шынығу залдары қарастырылған. Бұл ауыл жастарының спортқа ден қойып, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік туғызбақ.
Спорт кешенінің салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысының бастамасымен ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жобалар жайлы айтып, кешеннің жастар үшін маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында ауыл ақсақалдары «BELES» спорт кешені – биік белестерге бастар нысан болсын,-деп ақ баталарын беріп, ризашылықтарын білдірді.
Жалпы аумағы 3500, ғимараттың өзі 416 шаршы метрді құрайтын кешен – ауылдағы дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастама.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.