
Аудан аумағындағы ауылдар мен елді мекендердің ішкі жолдарын жаңарту жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Сызған ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 8 шақырымға жуық Қайнарбұлақ, Әділбеков және Әметшеев көшелеріне асфальт жабындысы төселу үстінде.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қайнар елді мекеніне арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасымен танысып, жұмыс барысын бақылауына алды. Сонымен қатар, аудан орталығының да ішкі көшелерінде жүріп жатқан асфальт төсеу жұмыстарын назарға алды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінде жалпы ұзындығы 11,21 шақырым болатын көшелерге жаңа асфальт төселіп, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ, Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң елді мекендеріндегі 6,51 шақырымды құрайтын ішкі көшелері де толық жөндеуден өтті.
Қазіргі уақытта ауданның басқа да ауылдары мен елді мекендерінде ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Инфрақұрылым демекші, бүгін Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабынан бастау алып, ұзындығы 120 шақырымды құрайтын «Фурманов» айналма каналын механикалық тазалау жұмыстары басталды.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданнан арнайы құрылған жұмыс тобы қажетті жабдықтарды толықтыру мәселелерін үйлестіріп, жұмыс барысын күнделікті бақылауда ұстап отыр. Жұмыс тобының құрамына Шу өзені бойында орналасқан ауылдық округтердің әкімдері мен су шаруашылығы саласының мамандары енген.
Тазалау жұмыстары нәтижесінде каналдың су өткізу қабілеті артып, Шу өзенінен ауданға су жеткізу процесі үздіксіз әрі тиімді жүзеге асады. Бұл жұмыстар экологиялық мақсатта су беруді жақсартуға да мүмкіндік бермек. Жалпы «Фурманов» каналының су өткізу қабілеті секундына 45 текше метрді құрайды.
Тазалау жұмыстарын биыл аяқтап, канал арқылы су жіберу жоспарланып отыр. Бұл Шу өзенінен экологиялық мақсатта жіберілетін судың тиімділігін арттырып, Созақ ауданындағы табиғи жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтыр қыркүйек айынан бастап биыл сәуір айының соңына дейін Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 миллиард текше метрден астам су жіберілген. Нысан Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының бойынан өтеді.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 миллион текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар — министрліктің қатаң бақылауында», – дейді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.