
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүзеге асып жатқан құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылауына алды.
Қазіргі таңда аудан орталығында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, Жеткіншек мөлтекауданында жеке инвесторлардың қолдауымен бірнеше тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған. Аудан басшысы құрылыс нысандарын аралау барысында жауапты мердігер мекемелер мен құрылыс саласының мамандарына жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін ескертті.
Сапар барысында жаңадан бой көтеріп жатқан аудандық кітапхана ғимараты мен 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылысы да назарға алынды. Бұл нысандар – тұрғындардың мәдени және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған маңызды жобалар қатарында.
Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионының құрылыс аумағында болып, құрылыс сапасы мен қарқынына ерекше көңіл бөлді.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын үздіксіз бақылауда ұстай отырып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.