Түркістан облысы: Созақ ауданының әкімі БАҚ қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай жергілікті журналистер мен осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер қаламгерлерді арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— «Сіздер халықтың үнін, қоғамның тынысын, елдің аманатын жеткізетін жауапты әрі мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Қай кезде де әділдік пен шындықтың жанында болып, ауданның дамуын, жетістігін насихаттауда қосқан үлестеріңіз ерекше. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» — деді аудан басшысы өз сөзінде.

Қабылдау барысында «Созақ үні» газетінің қызметкерлері мен ардагер журналистерге құттықтау хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Жиын еркін пікір алмасу форматында жалғасып, БАҚ саласын дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың бір бөлігі жұмыссыздық мәселесін көтерсе, бірқатары әлеуметтік мәселелерін жеткізді.

Қабылдау барысында аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдады. Әр өтініш бақылауда болып, аяқсыз қалмайтынын атап өтті. Ал жұмыс сұрап келген азаматтардың мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, Құмкент ауылынан келген ауыл ақсақалдары ескі әкімдік ғимаратынан «Дәстүрлі ән айту» мектебін ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін ауыл қарияларына арналған орталық ашу мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы, сондай-ақ бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Ал кеше ауданда жастардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында бір ай бойы өткізілген кешенді іс-шаралар өз мәресіне жетті.

Қорытынды шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, есірткіге қарсы күресте белсенділік танытқан құқық қорғау органдарының, медицина, білім, спорт, мәдениет, кітапхана және жастар саласының қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You