Түркістан облысы: Созақ ауданының балалары жазғы лагерьдің алғашқы ауысымына қабылданды

Түркістан облымында биылғы жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тағы 2 демалыс лагері іске қосылды.

Бүгін «Машат-Арасан» лагеріне биыл тынығатын алғашқы ауысымдағы балалардың алғашқы легі жайғасты. Мұнда Созақ ауданынан 450 бала тынығады. Демалыс аймағында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. 20-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, кәсіби күзет қызметі жұмыс істейді. Балалардың жазғы каникулын қызықты өткізу үшін 26 тәрбиеші мен 2 дене шынықтыру үйірмесінің жетекшісі қызмет етеді.

Лагерьге келген әрбір оқушыны адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеп, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасалған. Қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін арттыруға баулиды. Ол үшін лагерьде тәрбиеші, психолог, медбике және пән мұғалімдері жұмыс атқарады. Осы мақсатта балаларға лагерьде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңындарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылып, күн сайын ескертіп отырады.

Сонымен қатар бүгін Түлкібас ауданының Келтемашат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагері де өз жұмысын бастады. Демалыс аймағының алғашқы ауысымына отырарлық 153 бала қабылданды. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері лагерьге дейін сүйемелдеп, балаларды жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев оқушыларға сәттілік тілеп, жазғы демалысты қызықты өткізулеріне тілектестігін білдірді. Ата-аналар балаларға жағдай жасап, демалыс уақытын тиімді өткізуіне қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын айтты. Биылғы жазғы демалыста Отырар ауданының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 31 жалпы білім беретін мектептен 1050 баланы жіберу жоспарлануда. Әр ауысымда 150 баладан демалып, лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс істейді.

Лагерьдің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексерілетін болады.

Оқушылар 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ балалардың келгендегі және кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етеді. Баланың жеке басының гигенасын, төсек орынның тазалығын сақтауды қадағалау тәрбиешілерге жүктеледі. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Жалпы, биыл Түркістан облысындағы 553 мың оқушының 70%-ке жуығы жазғы лагерьге барады. Қала сыртындағы сауықтыру орындарында 43 мыңнан астам бала демалады. Оқушыларға 10 мемлекеттік, 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Бүгінгі күні Бәйдібек, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс, Кентау қалаларындағы лагерьлер бірінші ауысымға мыңнан аса оқушыны қабылдап үлгерді. Басқа сауықтыру орындары балаларды 10 маусымға дейін кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылдайды. Айта кетерлігі, биыл өңірде алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде 7500-ден астам қосымша орын ашылды. Биыл жекеменшік лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан 12 мыңға жуық бала жазғы демалыспен тегін қамтылады.

«Балалардың жазғы демалысын барынша қызықты етіп, қоғамдағы белең алып жатқан құқық бұзушылықтың немесе балалар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ол жерде міндетті түрде жазғы кезеңдегі үйірмелер жұмыс істейді. Өнер жағынан, спорт жағынан, одан бөлек бізде тарихи жерлерге экскурсия ұйымдастырылатын болады. Балалардың барынша бос уақытын тиімді ұйымдастыруға шаралар қабылдап отырмыз» — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You