
Созақ ауданының орталығындағы Жеткіншек мөлтекауданында жеке ивестор арқылы екі қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы басталды. Әр тұрғын үйде 8 пәтерден орналастырылып, барлығы 24 пәтер ел игілігіне берілмек. Жоба әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту мен өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Құрылыс алаңына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, аудан орталығында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды да аралады. Атап айтқанда, орталық саябақтағы абаттандыру жұмыстарын, Сұлтанбек Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі кешенді жөндеу және көріктендіру шараларын назарға алды.
Сондай-ақ, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылысымен танысып, жаңадан төселіп жатқан аяқжолдардың сапасына көңіл бөлді.
Аудан басшысы аралау барысында барлық нысандардың құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай, сапалы және уақытылы орындалуы қажет екенін атап өтті. Бұл бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кету керек, аудан орталығында ауқымды жобалардың құрылысы басталды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, кешенді дамыту шараларының сапасын бақылауға алған. Атап айтқанда, орталық маңызы бар Сұлтанбек Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі абаттандыру жұмыстары басталды. Алғашқы қадам ретінде жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, көшенің көркін арттырады.
Мәселен, Сұлтанбек Қожанов көшесіне Шымкент бағытынан кірер тұстағы Ерімбетов көшесінен «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейін 7 шақырымға үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынады. Аяқ жолға 235 дана жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылатын болады. Бұған қоса үлкен жолға 352 дана көше жарықшамдары орнатылып, әсемдік сипатына басымдық беріледі.
Жібек жолы көшесінде де Шолаққорған – Түркістан бағытындағы айналма жолдан «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырым қашықтыққа үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынады. 2,5 шақырымды құрайтын лотоктар жаңартылады. Ш. Оқшиев көшесінен бастап, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы айналма жолға дейін 1,5 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынады. Бұл көшенің де әсемдігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады.
Сонымен қатар, “Достар” стадионының да күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңартылған стадионда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы мен талапқа сай үлкен футбол алаңы салынады.
Ал «Жасыл белдеу» аумағында ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Аталған аумақ тағы 1 шақырымға ұлғайды. Осылайша, биылғы жылға артқан көлемі 3 шақырымға жетіп, 7000-ға жуық тал көшеттері егілуде.
Аудан басшысы аралау кезінде мердігер мекемелердің өкілдерімен тілдесіп, ең алдымен құрылыс сапасына қатысты талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Бұл бойынша жауапты саланың мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Жаяу жүргіншілер жолына төселетін плиткалардың сапасын бақылады. «Жасыл белдеу» аумағына егілген көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын да назарға алды.
Наурыз айының ортасында Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болып, жұмыс сапасын қадағалаған-ды. Алдымен аймақ басшысы Шолаққорған ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы төселген. Инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Білім ұясы жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, түрлі үйірмелер ашылады. Одан бөлек, педагогтардың біліктілігін арттыруға барлық мүмкіндіктер қарастырылады.
Ғимараттың ішін аралап шыққан Нұралхан Көшеров мердігерлерге құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұрғанын ескертіп, бірқатар міндет жүктеді. Мерзімінен кешікпеуді талап етіп, мектепті жабдықтауда отандық өнімдерді қолдану керек екенін айтты.
Бұл білім ошағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Қаратау ЛТД» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастаған. Нысанды биыл сәуір айында пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Созақ ауданында 35 мектеп, 38 балабақша жұмыс істейді. Ауданда апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Бүгінде жалпы білім алушылар саны – 15 523.
Одан кейін облыс әкімі Шолаққорған ауылында салынып жатқан заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бақылады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 200 орындық спорт нысанының құрылысын «CK NEW CITY» ЖШС жүргізуде. 2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы ауданы 3 гектар болатын ғимараттың оқу-жаттығу базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кешен бір мезетте 100 келушіге дейін қызмет көрсете алады. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес, аралас жекпе-жек және боксқа арналған залдар, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.
Бүгінгі таңда Созақта бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ын құрады. Ауданда 2 спорт мектебі және 1 спорт клубы бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.