Түркістан облысы: Созақ ауданының орталығында салынып жатқан тұрғын үйлердегі пәтер саны 66-ға жетті

Аудан орталығы Шолаққорған ауылында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде Жеткіншек мөлтекауданында жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Әр үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар, екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлерде 16 пәтер орналасады. Осылайша қазіргі таңда аудан орталығында салынып жатқан жаңа пәтерлердің жалпы саны 66-ға жетті.

Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. 7 жылда құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 млрд. теңгені құраған еді. Оның ішінде, жергілікті халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын.

Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды.

Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс алаңдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ол жауапты мердігерлер мен құрылыс саласының мамандарына құрылыстың сапасын басты назарда ұстауды, жұмыстарды бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізуді және жұмыс күшін арттыру қажеттігін ескертті.

Сапар барысында аудан басшысы Шолаққорған ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын да бақылауға алды. Атап айтқанда, жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана ғимараты мен 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылысы назарға алынды. Бұл кешенде спорттың түрлі бағыттары қамтылмақ. Мердігер мекеме өкілдерімен және тиісті сала мамандарымен кездескен аудан әкімі нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын тапсырды.

Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионының да құрылыс аумағында болды. Бұл жерде 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы және стандартқа сай үлкен футбол алаңы бой көтеріп жатыр.

Бұдан бөлек Созақ ауданында демеушілер есебінен атқарылған жұмыстар да жетекілікті. Мәселен, «Инкай» БК ЖШС-нің демеушілігімен Тоқтар Әубәкіров көшесі мен (4 миллион 849 мың теңге) Әліби Жангелдин көшесі жарықтандырылды (4 миллион 240 мың теңге). Ал «КАТКО» БК ЖШС-нің демеушілігімен Руханият көшесін жарықтандыру (12 миллион 983 мың теңге), Т.Тоқбергенов көшесін жарықтандыру (7 миллион 470 мың теңге), Ж.Қарғабаев көшесін жарықтандыру (4 миллион теңге), Б.Бәшімұлы көшесіне балалар ойын алаңымен футбол алаңын салу (32 миллион теңге), Теріскей саябағынан балалар ойын алаңымен футбол алаңын салу (32 миллион теңге), Жартытөбе ауылынан балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңшасын салу (27 миллион теңге), Көкжиек көшесіне көше жарықшамдарын орнату (12 миллион теңге), Иманбекұлы, Т.Әубәкіров көшелерін жарықтандыру (9 миллион теңге), Шу ауылы жайылымынан артезиан құдығын қазу (20 миллион теңге), Қыземшек кентінен балалар ойын алаңшасын ағымдағы жөндеуден өткізу (8,5 миллион теңге), Тасты ауылының ішінен ауыз суға артезиан құдығын қазу (20 миллион теңге), Тасты ауылы жайылымынан артезиан құдығын қазу (20 миллион теңге) жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте «КазФосфат» ЖШС-ның демеушілігімен де бірқатар шаруа атқарылғанын атап өткен жөн. Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүзеге асса, әлеуметтік жағдайы төмен 3 отбасының тұрғын үйлерінің ескі шатырлары мен терезелері ауыстырылды. Сондай-ақ Бабата елді мекеніндегі көшеге жарық жүргізілді (2 миллион теңге).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You